Ақтөбеде жұрт терактіден кейін қару-жарақ дүкендерін жабуды талап етті
Ақтөбеде атыс болған көпқабатты үй тұрғындары қару сататын дүкендердің қожайындары мен пәтерін лаңкестерге жалға берген адамды жазаға тартуды талап етіп отыр. Өйткені өзгерлердің де басына қауіп төндіргенін айтады. Әсіресе, қару-жарақ дүкенінің иесі жертөлеге дейін иемденіп, онда жарылғыш заттарды сақтапты. Ал пәтерін жалға берген ақтөбеліктің ақшаға құныққаны сонша, іздеуде лаңкестердің жүргенін біле тұра солардың типіндегі адамдарды босағасынан еркін аттатқан.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.06.2016
Бұл үйдің жертөлесінен бастап, төменгі қос қабатын қару сататын «Пантера» дүкенінің иесі сатып алған. Қанды қырғынынан соң барлығының есігіне мөр басылып, жабық тұр. Он жыл бұрын осы жерден қару сататын дүкен ашарда қарсы шығып арыз жазғандардың бірі – Ғабдулхақ Тазитдинов. Қария қанды қырғынды терезесінен көріп отырған екен. Кезінде көршілерімен бірлесе жазған шағымына шенеуніктердің құлақ аспағанын айтады.
Ғабдулхақ Тазитдинов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Қарсы болып арыз жазғанымызда әкімдіктегілер бізге күлді. Керісінше жағдайларың жақсы болады деп шығарып салды. Жертөле жарылғыш затқа толып тұрғанда қалай тыныш өмір сүресің? Содырлардың оны басып алмағанына шүкір. Жарып жібергенде үйдің түгі қалмайтын еді.
Енді тұрғындар қару сататын дүкеннің жабылып, иесінің жауапқа тартылғанын қалайды. Бірақ билік тағы жұмсақтық танытатын сияқты. Өйткені Ішкі істер министрі елдегі қару-жарақ дүкендеріне қатысты талап күшейгенімен, олардың жабылмайтынын айтып отыр.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР ішкі істер министрі:
-Қару сатуға тыйым салынбайды. Бірақ дүкендерге қойылатын талап күшейеді. Ең бастысы күзет қызметін реттеу керек. Қазір ол полицияның емес жекенің қолында.
Қаланың қақ ортасындағы бұл үйдің тұрғындары да бастарына қауіп төндірген көршісіне тіс қайрап отыр. Сағаттап пәтерін жалға беретін ол содырларды біле тұра ақша үшін босағасынан аттатты деп санайды.
-Төрт содыр дәл осы пәтерге тығылған болатын. Көршілері атыстан соң баспананың сау тамтығы қалмағанын айтады. Қазір есігі мөрленіп, ашылмастай қылып дәнекерлеп тастаған.
Есікке ілінген түбіртектерде пәтер иесі Ғұбайдолла Құсайынов деп көрсетілген. Лаңкестерге қарсы операциядан соң қираған нысандарды жөндеп жүрген әкімдіктегілер қаскөйлер бас сауғалаған осы шаңыраққа жолай алмай жүр.
Жандос Байырханов, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
-Екінші қабаттағы пәтер бойынша қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол біткеннен кейін шешім қабылданатын болады. Заңды берілгені, заңсыз берілгені. Қатысы бар, жоқтығы анықталып шешім қабылданатын болады.
Бұл үйлерден басқа атыс болған «Паллада» қару сататын дүкенінің үстіндегі тұрғындар да оның жабылғанын қалайды. Олар да кезінде қарсы болып арыз жазған екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!