Ақтау портында кептелген көлік жүргізушілері шу шығарды
Қауіп-қатердің сары деңгейіне байланысты Ақтау теңіз портының жұмысына өзгеріс енгізілді. Сөйтіп, елімізге келген шетелдік жүк көліктері жіті тексеріліп жатыр. Яғни көліктер қаңтарылып, жүргізушілер бақылаудан өтпейінше ешқайда шығарылмайды. Ал осыған байланысты бірнеше күннен бері кезек күткен шетелдік азаматтар аш қалдық деп ашынып отыр. Олар тіпті шекарашылардың азық-түлік, ауыз су мен дәрі-дәрмек сатып алуға да жібермей жатқанын айтып шағымдануда.
Автор: Диас Нұрақын
15.06.2016
Мыңдаған шақырым жолды артқа тастап, Ақтау портына ат басын тіреген көлік жүргізушілерінің жүйкесі сыр бере бастаған. Алыс жолдан әбден әлсіреген азаматтар бірнеше күннен бері елімізге кіре алмай тұр. Өйткені порттағы қауіпсіздік күшейтіліп, шетелдіктердің құжаттары қатаң тексеріліп жатыр.
Гурули Әмірхан, көлік жүргізушісі:
-Көшеге шығып, қажетті заттарымызды сатып алуға да шығармайды. Бізді қамап ұстап, бір тәуліктен бері аш қалдырды.
Алайда бұл жүргізушілердің айтқанға көнуден басқа амалы жоқ. Себебі Ақтау порты стратегиялық нысан. Сондықтан шетел азаматтарының емін-еркін кіріп-шығуына жол жоқ дейді мамандар. Тіпті лаңкестік қауіп-қатердің «сары деңгейі» алынып тасталғанша тәртіп сақталмақ. Оған әлі бір ай бар.
Наталья Ярошенко, паром кешенінің басшысы:
-Стратегиялық нысанға не алып кіретіндері белгісіз. Сондықтан біз бәрін жіті бақылап, тексеруіміз керек. Тәртіп бәріне ортақ.
Ал ас-ауқатсыз аш қалдық деген жүргізушілердің сөзін шекарашылар жоққа шығарып отыр. Қажет болған жағдайда шетелдік азаматтарға қол ұшын беруге дайынбыз дейді олар.
Рафаэль Ахметов, шекаралық бақылау бөлімінің басшысы:
-Жүргізушілердің жағдайы расымен де қиындап бара жатса сыртқа шығарамыз. Ал негізі бақылаудан өтпейінше ешкімнің шекарадан өтуге қақысы жоқ.
Шекарашылар құжат рәсімдеуді қиындатқан жүргізушілердің өздерін кінәлап отыр. Себебі көбінің қолдарында қажетті қағаздары жоқ. Ал құжаттары түгел азаматтар шекарадан санаулы сағатта өтіп кетеді дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!