Алматыда суретке түсу кезінде өзенге құлаған 9 айлық ұлдың өлі денесі табылды
Алматыда тау бөктеріне демалысқа шыққан отбасының 9 айлық сәбиі ағысы қатты өзенге құлап кетті. 15 жастағы қыз бауырларымен суретке түсу үшін жағаға барған екен. Бірақ абайсызда суға құлап, құшағындағы кішкентай інісінен айырылып алған. Ағыспен төмен кеткен баланы іздестіру жұмыстары түнімен жүріп, денесі бірер сағат бұрын ғана табылды.
Автор: Олжас Байжан
15.06.2016
– Ағысы қатты тау өзенінің жағасында суретке түспек болған 15 жастағы қыздың аяғы дәл осы жерде тасқа тайып, суға құлаған. Өзі аман қалғанымен қолында болған 9 айлық інісі ағыспен төмен қарай кетіпті.
Алма-Арасан шатқалында кеше басталған іздестіру шарасына қаланың барлық шұғыл қызметі жұмылды. Олардың арасында учаскелік полицейлер, құтқару қызметі, төтеншеліктер, орманшылар мен еріктілер де бар. Бас аяғы жүзден астам адам кішкентай Исламды іздестіруді бір сәтке де тоқтатқан емес.
Ал оқиғаның өзі кешкі сағат алтылар шамасында болыпты. Табиғат аясында демалған отбасы үйге жиналған сәтте балалар ойнап жүрген екен. Кейін ересектердің назарынан тыс қалып, арты қайғылы аяқталып отыр. Нәрестенің өлі денесі бірнеше шақырым төмен орналасқан бөгеттердің бірінен табылды. Енді баласына дұрыс қарамаған ата-ана да жауапқа тартылуы мүмкін.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Қазіргі таңда ҚК 141 бабы 2-тармағы бойынша алдын-ала сот алды тергеу амалдары жалғасу үстінде. Яғни, кәмелет жасқа толмағандардың өміріне қауіп төнбейтіндей жағдай жасамағаны үшін бұл дерек тіркелген болатын.
Бұл Алматыда жаз басталғалы бері болған осындай бірінші жағдай емес. Бүгінге дейін 8 адам суға кетіп, ажал құшқан. Сондықтан құтқарушылар жұртты қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Гаухар Нөкербекова, Алматы қаласы құтқару қызметінің баспасөз хатшысы:
-Қазір өзендердегі су деңдейі көтерілген, ағысы да күшейді. Демалыс кезінде балаларға көз салып, су қоймаларынан алыстау болған жөн.
Ал кішкентай Исламды іздестіру жұмыстарын күннің ыстығынан таудағы мұздардың еріп, өзен деңгейінің көтерілуі мен ағыстың күшеюі қиындатқан екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!