Кәрім Мәсімов терактіден кейін енді ес жия бастаған Ақтөбе қаласына барды
Ақтөбе облысында бір жарым мың адам радикалдық жат ағымның жетегінде кеткен. Олардың 90-ы тіпті жиһад десе қазір-ақ жандарын беруге әзір. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы бүгін осындай ақпаратты жария етті. Нұрлан Қыдырбаев өңірдегі радикалды топтармен күресуге дәрменсіз екенін де жасырған жоқ. Сондай-ақ, ішкі істер департаментінің басшысы да бір аптаға созылған операция кезінде қиналғанын жеткізді. Себебі қарамағындағы полицейлер түрлі техникалардан тарығып, содырларды ұстау үшін уақытты созып алған.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.06.2016
Бір жарым апта бұрын атыс болған Ақтөбеде қазір министрлер қап жүр. Премьер Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері бүгін қанды қырғын болған жерлерді көріп, марқұмдардың отбасына көңіл айтты. Лаңкестікке қарсы штабтың бүгінгі отырысына да Мәсімовтің өзі жетекшілік етті. Аймақтағы ұлттық қауіпсіздік департаменті басшысының айтуынща, 90 жиһадшы қару алып, көшеге қазір шығуға дайын отыр.
Нұрлан Қыдырбаев, Ақтөбе облыстық ҰҚД бастығы:
-1565 адам қазір салафизм ағымын ұстанады. Оның тоқсаны жиһадшы. Әзірге олар көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылы 14 радикалдық топтың жолын кесіп, 36 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығының халықаралық лаңкестік ұйыммен байланысы бар.
Ал экстремизммен күресуге ұлттық қауіпсіздік департаментінің қолы қысқа. Кәсіби маманның тапшылығы былай тұрсын, ондағылар күнделікті қолданатын техникаға зар. Тіпті бас ғимаратының өзі құлайын деп тұр екен.
Нұрлан Қыдырбаев, Ақтөбе облыстық ҰҚД бастығы:
-Содырлар шабуыл жасауды жоспарлаған нысандардың қатарында ұлттық қауіпсіздік департаменті де бар. Сол ғимарамытымыз ескі. Техникала мүлдем жаңарған жоқ. 2011 жылдан бері штат та өспеді. Ал экстремистер күн санап көбейіп барады.
Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы да әріптесінен қалыспай ағынан жарылды. Мақсұтхан Әбіләзімов лаңкесттік оқиға кезінде көлік сұрап ышқынғанын айтады.
Мақсұтхан Әбіләзімов, Ақтөбе облыстық ІІД бастығы:
-Өзімізде бөлек автобус жоқ. Тәртіп сақшыларын жедел жеткізуге әкімдіктен сұрап әуре болдық. Ол уақыт алады. Ал қала маңында арнайы бөгеттер мүлдем салынбаған. Операция кезінде қапты құммен толтырып, соны бөгет қылдық.
Ақтөбелік полицейлер бұрын-соңды қала ішіндегі қарулы қақтығыстарға қатысып көрмеген. Сондықтан содырлар сойқан салғанда реттей алмай сасып қалыпты. Ал экстремистермен күресетін бөлімдерінде аймақ бойынша небары 11 адам жұмыс істейді. Тәртіп сақшылары да ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер секілді штатты көбейтуді сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!