Ақтөбеде шенеуніктерге алданған жүргізушілер шу шығарды
Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде жұмыс істеген жүзден астам көлік жүргізушісі жалақыларын ала алмай жүр. Оларды жеке техникасымен қоса жергілікті билік көше бойындағы топан суды соруға жалдаған екен. Қысылтаяңда ақшасын уақытылы өтейміз деп уәде кеткен шенеуніктер енді ұстатпай қойған. Амалы таусылған олар бүгін әкімдік алдына жиналды.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.06.2016
Көктемде Ақтөбе көшелеріндегі көлкіген сумен күресуге әкімдіктің өз күші жетпеген. Сондықтан жекенің иелігіндегі 120 көлікті жүргізушісімен қоса жалдауға тура келіпті. Тасқынның бетін қайтару үшін жүргізушілер күні-түні жұмыс істеген.
Бейімбет Өтеулин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Жұмыс қиын болды. Екі көлік жалдадық. 24 сағаттап жұмыс істедік. Оның бәрін шештік, бізге айтылды. ЖКХ-ның адамдары келді. Жанболат болды қасымызда. Жұмысты тоқтатайық дегенде істей беріңдер деді. Халықты аман-есен алып қалдық.
Тасқын кезінде қысылған шенеуніктер ақшаны уақыт созбай өтейміз деп уәде берген. Бірақ жер кепкен соң, әудені де ұмытып, енді ұстатпай жүр. Істеген сағаттарына қарай әрбіріне орта есеппен 150 мың теңгедей берешек. Енді топтасып қарызын даулау үшін әкімдік алдын күзетуге мәжбүр.
Дастан Жауылбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Ақша ала алмай жүрміз неше күннен. Бұл сәуірде біткен жұмыс еді. Әлі қаралады дейді. Ол қашанғы қаралады? Жаз бітуге қалды.
Лаңкестік оқиғадан соң сескенді ме, әкімнің орынбасарлары алғашқыда тысқа шығудан бас тартты. Кейін қарызын даулағандардың тарқамасын түсінген соң, бір-бірден тексеруден өткізіп қабылдауға мәжбүр болды. Шенеуніктер жалға алу ақысын әзір толық өтей алмайындарын ашық айтып отыр. Ол үшін мәслихаттың кезекті сессиясын күту керек екен.
Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
- Шілде айында өтетін сессия кезінде қосымша қараймыз. Әділет басқармасы сол сессияның шешімін тіркегесін төленеді, құрметті ағайындар. Сіздер түсініңіздер. Бүгін біреуден ала салып, ертең бере салуға келмейді.
Биылғы көктемгі тасқын кезінде су сору үшін көлік жалдауға 60 миллион шығын кетіпті. Әйтсе де шенеуніктер соның жиырма милион теңгесін ақыры шешімді күтпестен төлеп қоюға келісті. Көлік жүргізушілері бұған да шүкіршілік етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары