{metadescription}
Оңтүстік Қазақстанда дүлей дауылға байланысты төтенше жағдай жарияланды
Оңтүстік Қазақстанда дүлей дауылға байланысты төтенше жағдай жарияланды

Оңтүстік Қазақстанда дүлей дауылға байланысты төтенше жағдай жарияланды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы дауылға байланысты екі бірдей ауданда төтенше жағдай жарияланды! Алдын-ала есеп бойынша қазірдің өзінде күшті жел Отырар мен Түркістанда 90 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Дауыл ойран салған Отырарға электр жарығы енді беріле бастады. Шатырсыз қалған үйлер мен мекемелер бүтінделіп, қызу жұмыс жүргізілуде.

-Дүлей дауыл бас-аяғы 2 сағат ішінде үйлердің шатырларын қиратып, талдарды жұлып кеткен. Желдің қатты болғаны соншалық тіпті бетон қоршаудың өзін іргетасымен бірге аударып тастаған.

Секундына 30 метр жылдамдықпен соққан жел әсіресе Отырар ауданын ойран етті. Сол кештегі дауыл Жарқынбековтер отбасын үйден бездірді. Күшті жел басталған кезде Ержан жанұясымен енді кешкі асқа отырған екен. Шатыры ұшып, артынан нөсерлеткен жауын үйдің төбесін құлатқан. Үлкені 5-те, кішісі 10 күндік 4 баласымен бірге келіншегін туыстарына жіберген отағасы қазір үйді күзетіп отыр.

Ержан Жарқынбеков, Отырар ауданының тұрғыны:

- Түсінбей қалдық аяқ астынан не болғанын. Әйнектің бәрі сынып, бала-шағаны алып қаштым . Бәрі жылап шықты. Кіретін тесік таппай қалдық шынымды айтсам қорыққаннан.

Ержан секілді баспаналары 80 пайыз зақымданған үй саны мұнда 15. Тағы 47 үйге айтарлықтай нұқсан келіпті. Бұл дауылдан кейін шығынды есептеп жүрген комиссияның мәліметі. Жалпы үнемі желі басылмайтын Отырардың өзі дәл мұндай табиғаттың тосын мінезін бірінші мәрте көрген.

Айдар Сәрсенов, Отырар ауданының тұрғыны:

- Шығыстан көтерілетін желге халық үйреніп қалған.Шатырларда соған лайықтап жасалған. Батыстан тұратын желге халық дайын болмай қалды.

Жығылғанға жұдырық, желдің соңы жауынға ұласып, шатырсыз үйлерді лай суға толтырыпты. Сондықтан, уақытша шара ретінде су өтпес үшін кленкалар тартылып жатыр. Қазір екі ауданда да төтенше жағдай жарияланды. Мұнда күшті желден 12 мектеп, 2 балабақша, әкімшілік ғимарат секілді 20 әлеуметтік нысан зақымданған. Отырарға 75 миллион, Түркістанға 12 миллион теңгеге шығын келді.

Марғұлан Марайым, ОҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Ішінара шығын келген үй  саны 568 үй. Толығымен түгелдей шатырсыз қалды деген әңгіме емес. Біреуінің 10 шифері ұшқан. Кейбірінде 5 шифер ұшқан дегендей. Қазіргі таңда 156 үй жергілікті кәсіпкерлердің күшімен жөнделіп жатыр. Ал, қалғанын есептегеннен кейін мемлекет есебінен жүрізетін болады.

Жартысына жуығы электр жарығы өшкен Түркістанда жарық кеше түгел қосылса, бір тәулік түгел электрсіз қалған Отырар ауданы бүгін қалпына келтірілді. Енді бір апта көлемінде шығынды толық есептеп шығамыз деген шенеуніктер қаржыны облыс қазынасынан сұратып, кем-кетікті жөндемекші.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде