Олимпиада чемпиондарының допингпен ұсталуына қатысты сарапшылар өз пікірін айтты
Спортты саясатқа айналдырғанына отандық сарапшылар да сенімді. Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің жариялаған сараптама нәтижесіне олар күмәнмен қарап отыр. Агенттік 4 жыл бұрынғы сынамаларды Рио олимпиадасына аз уақыт қалғанда әдейі тексерген дейді спорт мамандары. Яғни, осылайша біздің спортшыларды жарыстан шеттетпек.
Автор: Олжас Байжан
16.06.2016
Әр жарыста алтынсыз оралмайтын ауыр атлеттеріміздің допинг дауына ілінуі, талдау жасаған дүниежүзілік антидопинг агенттігінің жұмысына күмән тудырды. Төрт зілтеміршінің қанынан рұқсат етілмеген заттардың қазір шыға қалуы бекер емес дейді мамандар.
Павел Новиков, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы вице-президенті:
– Сынамалар олардың қолында бірнеше жыл болған. Бірақ сараптама нәтижесі апелляцияға беруге уақыт қалмайтындай кезде жариялана салды. Енді сен келесі жарысқа қатыса алмайсың, тіпті дұрыс жаттыға да алмайсың. Антидопинг агенттігі ойына келгенін істеп отыр, қолындағы билікті пайдалануда.
Сынама нәтижелері ресми сайтта жарияланбай, халықаралық олимпиада комитетіне жіберілуі тиіс еді. Ал бетке ұстар ауыр атлеттеріміздің ағзасынан табылды делінген «станозол» білектің күшімен жеңіп алған медальдарды қайтарып беруге түрткі болуы мүмкін.
Жақсыбай Бәзілбаев, спорт шебері:
– Спортты бүгін саясатқа айналдырды – бір. Екіншісі спортты бүгін бизнеске айналдырды. Олимпиада өтіп жатқан кезде допингтік бақылау өз жұмыстарын істеу керек. Ойын басталғаннан бастап, кеткенше бақыласын. Тексерістен өтіп, медальдарын мойнына таққан соң өз елдеріне медальды алып кету керек.
4 жылда бір келетін дүбірлі додада жеңіске жету үшін саналы түрде допингті пайдалану мүмкін емес дейді сарапшылар.
Есей Жеңісұлы, спорт журналисі:
– Осы мәселеге қатысты кәсіпқой спортшылардың өз пікірі бар. Қазір допинг емес ,препарат жоқ. Допинг тізіміне көз салсаңыз спортшылар мүлдем өмір сүрмеу керек сияқты. Пайдаланған шығар, бірақ сол кезде ол допинг құрамында болмаған шығар.
Сарапшылар бұл жағдайдың саясаттан туындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, биыл ғана допинг санатына ауыстырылған «мельдони» препаратымен Ресейдің 8 спортшысы ұсталыпты. Олардың қатарында әлем спортының жұлдызы Мария Шарапова да бар.
Есей Жеңісұлы, спорт журналисі:
– Мүмкін Ресейді спорттан аластату арқылы бізді де ілестіріп жіберіп жатқан шығар. Мысалы, Илья Ильин сияқты спорттағы ірі фигураны ұстап беру арқылы, міне біз ешкімді де аяп жатқан жоқпыз дегенді аңғартқысы келетін шығар. Осындай да бір күдік бар.
Тағылған кінә расталса, дәл осы Ресейдің қоржыны 3 алтынмен толығуы мүмкін. Яғни, Ильиннің, Манеза мен Подебедованың алтындары 2-ші орын алған осы көршілеріміздің атлеттеріне беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!