Алматыдағы оңалту орталығынан мүгедектер қуылып жатыр
Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың тап қазір басқа жерде емделуге жағдайы жоқ. Мүгедектертер осы жерде тегін массаж бен түрлі медициналық қызметтерді қабылдап келіпті. Бірақ ғимаратты жалға алу құнын көптен бері төлей алмаған екен. Сондықтан меншік иесі – Апат медицинасының теміржол госпиталі сот арқылы қайтарып отыр.
Автор: Олжас Байжан
17.06.2016
Арбаға таңылған мына жандар кезек күтіп отырған жоқ. Бар ойлары - емделетін мекемені қалай да сақтап қалу. Қаланың әр түкпірінен келетін мүмкіндігі шектеулі жандар соңғы екі жылдан бері осында ем алып жүр. Бірақ ғимарат қожайыны сотқа жүгініп, енді мүгедектер орталықты босатулары тиіс.
Оңалту орталығының директоры да арбаға таңылған. Ербол Егембергенов тартысқа түскен ғимаратты босатып беруге дайын. Тек сот шешімін орындауды кейінге қалдыра тұрса дейді. Себебі, жаңа орын медициналық орталыққа жақын орналасуы тиіс екен. Ал ондай жерді тез арада табу қиын.
Ербол Егембергенов, оңалту орталығының жетекшісі:
-Бар қаржыны жұмысқа салып отырамыз. Себебі, көрсетілген көмектен нәтиже шығуы тиіс. Бізге осы жұмысты атқару үшін мүмкіндік берілмей келеді. Біресе жарықты өшіріп, біресе судан ажыратады. Осылайша нысанды тез арада өздеріне қайтарып алмақ.
Ай сайын жалға алынған 150 шаршы метр үшін орталық 800 мың теңге төленіп келген. Бірақ соңғы айларда мұны уақытылы төлей алмай, қуылып жатыр.
Жанар Инагембаева :
–Кішкене уақыт бермейді бізге де, біз де адамбыз ғой. Біз де осы қоғамның бір мүшесіміз ғой. Неге бізді сыйламайды, бізде заң жоқ па сонда? Реттеліп алғанша уақыт берсін, босатамыз ғой бұл жерді.
Қазіргі таңда жиналған қарыз 500 мың теңге. Бұл тек коммуналдық қызметтер үшін алынатын ақы. Сот шешімі бойынша жылжымайтын мүлікті жалға алу құны өтелмейді, бірақ ғимарат босатылуы тиіс.
Айнагүл Төреева, «Апат медицинасының теміржол госпиталі» АҚ заңгері :
-Соттың шешімі бар. Біз біреудің емес, өзіміздің нысанды алуды көздеп отырмыз. Олар тек жалға алған. Ақысын төлей алмаған соң босатуды сұрадық.
Бірер сағат шыдаған сот орындаушылары ақыры іске кірісті. Бірақ онысынан нәтиже шыққан жоқ. Ішке бекінген жұрт оларды табалдырықтан ары аттатпады.
Күнұзаққа созылған келіссөздерден соң мүгедектерге ғимаратты өз еркімен босатуға 10 күн берілді. Олар қолхат жазып, осы уақыт аралығында басқа орын тауып, сол жерге көшуге уәде етті. Ал тартысқа түскен ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол медициналық қызмет көрсету мақсатында пайдаланылмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!