{metadescription}
0:000:00
Алматы топан судың астында қалды

Алматы топан судың астында қалды

Табиғаттың тосын мінезі тағы алматылықтарды толарсақтан су кештірді! Толассыз жауған жаңбырдан шеткі аудандарды айтпағанда, оңтүстік астананың ең элиталы аудандары орналасқан көшелер, метро станциясына дейін көлкіп суға толып жатыр. Жерасты паркингтеріндегі көліктер белуардан суда тұр. Ал жер үйлердегі жағдай тіпті мүшкіл.

Мынау Алматының ең элиталы ауданы – Әл-Фараби даңғылының бүгінгі кейпі. Толассыз жауған жаңбыр көшені көлге айналдырған. Сондықтан, қозғалыс қиындап, бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болды. Көпірлердің астынан өту тіпті мүмкін емес.

-Жер асты өткеліндегі жауын суы тез арада сорылса да, қазір мұнда әрі-бері қозғалу қиын. Қалпына келтіру жұмыстары да енді басталған. Яғни, жұмысшылар мұндағы балшықты далаға шығарып жатыр. Бірақ, өткелді толықтай тазарту үшін олардың біраз күш жұмсауларына тура келмек.

Қаладағы осындай бірнеше көлік тұрағы жауын суына батып қалды. Әсіресе «Алатау» метро бекетіне айтарлықтай зақым келген. Қазір жұмысшылар топан суды соруда. Бекет қоршауға алынып, оған тірі жан жіберілмей жатыр.

Наурызбай ауданы тұрғындарының да былтыр жүрген селді бүгін тағы естеріне алуларына тура келді. Мұндағы бірнеше көше жаңбыр суына көлкіп тұр. Салдарынан көлік қозғалысы қиындаған. Жер үйлердің аулалары да белуардан су.

Фатима Берданова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Жаңбыр суымен күресіп әбден шаршадық. Неге осы балшықтың арасында қиналуымыз керек. Енді ауланы тағы тазартуымыз қажет.

Шенеуніктер тасқынмен барынша күресуде. Дегенмен, мұндағы бірнеше көшеде су кететін арық жоқ екен.

Бағлан Дәндібаев, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары:

- Арық жүйелерін салу жөнінде мемлекеттік органдарға өтініш берілген. Қаралып жатыр.

Жауын суы көпқабатты ғимараттарға да еніп жатыр. Әсіресе, салынғанына 40-50 жыл болған тұрғын үйлердің шатырынан су өткен. Мәселен, Абай және Желтоқсан даңғылдарының қиылысындағы тоғыз қабатты мына үйдің тұрғындары жауын жауған сайын суға малынады. Себебі, шұрық тесік шатырдан өткен су баспаналарды әбден бүлдірген.

Марина Лукшина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Осы пәтерде тұрып жатқаныма 11 жыл болды. Содан бері төбемізден су сорғалап тұр. Ақша шығындап жөндеу жасаймын, бірақ бәрі бекер. 1-2 айда дәл осындай қалыпқа қайта түседі. Сондықтан шатырды ауыстыру керек.  

Ал төтенше жағдай департаментіндегілер нөсер жауын тағы да қайталанады деп ескертті. Арық жүйесі жоқ, бар жерлердің өзінде түрлі құрылыстармен бітеліп тынған оңтүстік астана тұрғындарына тағы белуардан су кешуге тура келетін сыңайлы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде