Астанада тұрғындар шуы басылмайтын кафені жабуды талап етті
Астанада көпқабатты үйдің тұрғындары өз баспаналарына кіруге қорқып жүр. Өйткені, бірінші қабаттағы кафеде газ баллоны пайдаланылады екен. Дәмханада жарылыс болса, күліміз көкке ұшады деген үреймен күн кешеміз дейді пәтер иелері. Ол аздай түнгі жүріс-тұрыс, жаңғырған музыка мен ащы суға тойып алғандардың айқай-шуынан да әбден мезі болған жұрт енді кафенің мүлдем жабылуын талап етіп отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
20.06.2016
Мына көпқабатты үйдің тұрғындары бүгін өте ашулы. Жиналған жұрт бірінші қабаттағы кафе мен сыраханаға келгендердің айқай-шуынан әбден мезі болған. Дәмхана ашылған екі жылдан бері тұрғындар тыныштықтан айырылыпты. Түнде төбелес, жартылай жалаңаштанған қыздар мен араққа сылқия тойып алғандар есік алдында күнде тайраңдайды. Одан қалды дауысы құлақты жаратын музыка мазаны алып біткен.
-Түнгі 2,3,4-ке дейін музыка қосады. Немерем шошып оянатын боп жүр.
Бұл аздай кафе қызметкрелері күні-түні сыра құйылған темір бөшкелерді тас жолға сүйреп таситын көрінеді. Ол кезде пәтердің терезесін ашу мүлдем мүмкін емес дейді тұрғындар.
Мавселе Гизатова, Астана қаласының тұрғыны:
-Полиция шақырамыз күнде. Кеше кірдік кафенің ішіне. 4 баллон тұр үлкен-үлкен менің бойымдай.
Қазір бұл үйдің иелері күндіз де өз баспаналарына кіруге қорқады. Олар асханадағы газ баллондар кез-келген уақытта жарылып кете ме деген үреймен өмір сүруде. Бүгін тұрғындар дәмхананың ішіне басып кіріп, сол газ баллондарды көздерінше жоюды талап етпек болған. Алайда, кафедегілер асхананы жауып тастап, ішке ешкімді жуытпады.
Алматыда бір айда дәл осындай газ баллон жарылып, «Юбелейный» дүкені, «Арагоста», «Аспандияр» кафесінің күлі көкке ұшқан. Енді астаналықтар да жандарын шүберекке түйіп отыр. Баллоннан бөлек бұл кафенің қожайыны көпқабатты үйдің орталық құбырынан асханаға рұқсатсыз газ тартпақ болған. Оны байқап қалған тұрғындар полицейлерді шақырып жүріп әрең тоқтатыпты.
Шулаған жұртты көріп, көпқабатты баспанаға жауапты пәтер иелері коперативіндегілер де шұғыл жетіп, кафедегілерге ескерту қағазын тапсырды.
Индира Еркешова, «Астана-Қызмет» ЖШС есепшісі:
-Мына қағзады ескерту ретінде қабылдаңыздар. Өйткені, ортақ газ құбырын бұрмалауға құқықтарыңыз жоқ. Рұқсат құжаттарын өткізуге міндеттісіздер. Заң бойынша қосымша саланған нысан, кеңсеге газ тартуға болмайды.
Бұған дейін тұрғындардың өздері де полицияға талай рет арыз жазған. Әзірге еш нәтиже жоқ. Кафе жұмысын жалғастыруда. Өйткені, көпқабатты тұрғын үйде орналасқан дәмхана, мейрамханалар газ баллонын пайдаланса, небары 60 мың теңгеге жуық айыппұлмен құтылып үйренген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!