Қызылжарда ата-анасы жоқ балалар қала мектептерінде білім алатын болды
Теріскейдің жетімдері енді өздері тұратын интернатта емес, қала мектептерінде білім алатын болды. Бұл Үкіметтің еліміздегі балалар үйлерін оңтайландыру бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Бастаманы интернат мұғалімдері мен тәрбиешілер де қолдап отыр. Өзге балалармен араласып өскен жетімдердің өмірге деген көзқарастары өзгереді дейді олар. Тек сол балалардың өздері интернаттан алыстағысы жоқ.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
21.06.2016
Жазғы лагерьде қазақ тілінен қосымша сабақ алып жүрген мына оқушылар облыстық жетімдер және ата-ана қамқорынсыз қалған мектеп интернаттың тәрбиеленушілері. 10-шы сыныпта оқитын 8 бала биыл тәжірибе ретінде Петропавлдағы №9 мектепте бір жыл оқып шығыпты. Оларды мектепке арнайы көлік тасыған, бас көз болатын тәрбиеші де бар.
Анастасия Горбаченко, 10 сынып оқушысы:
-Мектеп бағдарламасы оңай емес. Қосымша сабақтарға қалуға тура келді. Ондай кезде тәрбиешіміз бізді күтіп отыратын. Қаланың балаларымен танысып, достар таптық. Бірақ, мен өз интернатымда қалып оқығанды қалар едім. Ондағы талап күшті, мұғалімдер қатал сияқты көрінді.
Балалардың бұлайша интернатқа байлануында психологиялық түйткіл жатыр дейді мамандар. Жетімдер он жыл бойы тәрбиешілердің мейірімне үйреніп қалған. Алайда бұл жерден түлеп ұшқан балаға өмірдің мұншама қамқор бола қоюы екіталай. Тәжірбенің басты мақсаты да сол. Қандай қиыншылық кездессе де, балаларды өздері шешім қабылдай алатындай етіп, қоғамға үйрету.
Роза Хамзина, жетім балаларға арналған мектеп интернаттың мұғалімі:
-Иә, балалардың өмірге деген көзқарастары жақсы жаққа өзгерді деп ойлаймын. Жауапкершіліктері артты, өз отбасында өскен сыныптастарымен достасып, көп нәрсені үйреніп келе жатыр. Алдағы өмірде бұл олардың өмірлік тәжірибе болары сөзсіз.
Жетімдер бір жыл білім алған мектеп ұжымы үшін де бұл тәжірибе алғашқыда оңай болмапты. Олар психолог мамандарды тартып, пән мұғалімдеріне балаларға түсіністікпен қарауды сұраған. Тәжірибе сәтті өткендіктен биылдан бастап мектеп-интернаттағы барлық 135 бала қаладағы үш мектепке бөлініп оқитын болады. Ал осындағы 22 мұғалімге басқа жұмыс орындары ұсынылды.
Ғалия Ілиясова, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы :
-Бұл оңтайландыру мемлекетке тиімді. Бұрын әр балаға жылына екі миллион теңге жұмсалса, қазір мұғалімдердің айлығы, кабинет шығыны дегендер қысқарып, шамамен әр баладан жарты миллион теңге үнемделмек.
Қазір еліміз бойынша жетімдер үйі жанындағы мектептердің екеуі ғана сақталыпты. Алдағы жылдары олар да жабылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!