Алматыда өртенген базардың саудагерлері қайта бас көтерді
Алматыда саудагерлер наразылық білдірді. Адем сауда үйінде кәсібін дөңгелеткендер жалға алу құнының өсуіне үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, базар әкімшілігі ақыны үздіксіз өсіріп, өртенген сауда үйінің бір бөлігін қайта солардың есебінен салмақшы екен. Саудасы жарымай, қалтасы да қағылған саудагерлер енді кімнен араша сұрарын білмейді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
21.06.2016
«Адемдегі» орын жалдау ақысы қымбаттайды дегенді естігелі бері саудагерлердің тынышы қашқан. Енді, шілдеден бастап бірнеше есе артық ақша төлеулері тиіс.
Эльмира Ұзақбаева, саудагер:
- Мысалы бұрын мен 21 квадратқа 65 мың төлеп отырсам, мен қазір 120 мың төлеуім керек. Кейбір жерлерде 20 мыңға көтеріп жатыр. Үшінші «Адемдегі» орталық қатарларда.
Ал саудагерлер бұған үзілді-кесілді қарсы. Сауда жүрмей жатқандықтан бәрінің бірдей мұны қалтасы көтермейді дейді олар.
Күләнда Жұбаниязова, саудагер:
- Аренданы көтергені бізге қиын. Доллар күннен-күнге өсіп жатыр. Біз Түркияға ұшып барып, иттей болып, киімді көтеріп алып келеміз. Сонда 5 көйлектің ақшасын мен әкімдікке неге төлеуім керек. Не үшін?!
Осылай деп, саудагерлерді әбігерге салған «Адем» басшылығы кәсіпкерлерден жиналған ақшаның есебінен 190 миллион қарыздарын төлемек екен. Бұған қоса, қаржыны өртенген ғимараттың орнына салынатын жаңа «Адемнің» құрылысына құятындарын да айтқан. Ал, қарсы шыққандармен келісімді бұзамыз деп қорқытыпты.Мән-жайды түсіндіруді талап еткендерге сауда үйінің басшысы ақыры жауап қатты. Ақыны көтергенін ол растап отыр. Тек, бұл екінші және үшінші «Адемдегі» орындардың бағасын теңестіру үшін жасалған екен.
Ирина Пяк, «Алматы ХХІ ғасыр» ЖШС бас директоры:
- Кейбір секторларда баға теңестірілді. Мәселен,«Адем 3-ке» сатып алушылар көп келеді, және онда сауда жақсы. Жалға беру ақысының көтерілуіне бұл да әсер етеді. Ал, кейбір секторларда ақы өзгеріссіз қалды.
Есесіне, саудагерлерге коммуникайция жағынан бұрынғыдан да жайлы жағдай жасаймыз деп сендіріп отыр басшылық.
Бірақ, саудагерлер басшылық тарапынан айтылған сөздердің біріне де сенбеді. Қазір олар қала әкімінің өзіне шағымданып хат жолдауға дайындалып жатыр. Ал, егер бұдан да нәтиже шықпаса жалға беру ақысы еселеніп көтерілген сауда үйінен өз еріктерімен кетулеріне тура келмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!