Қарағанды облысында күйдіргі дертін жұқтырған науқас көз жұмды
Қарағанды облысында күйдіргі дертін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілген 8 адамның екеуі көз жұмды. Қалған алтауы ауыр халде жатыр. Арасында 10 жасар бала да бар. Дәрігерлер қауіпті кесел малдан жұғуы ықтимал деп болжайды. Өйткені ауылдың бір азаматы ауырған сиырларын сойып тұрғындарға сатқан көрінеді. Бірақ сараптама қортындысы шықпайынша диагнозды дөп басып айту мүмкін емес. Қазір ауру шыққан Еркіндік ауылында эпидемиологиялық шаралар шұғыл жүргізіліп жатыр.
Автор: Саят Сабдалы
21.06.2016
Еркіндік аулының тұрғындары ауруханаларға маусымның 19 -нын жеткізіле бастаған. Бүгін түнде бақилық болған 33 жастағы Айгүл Ахметованың артында еңіреп төрт баласы қалды. Ал туғандары түннен бері дәрігерлерден түсінік ала алмай аурухана алдында сабылып жүр. Айтуларынша, ауыр халде қалаға жеткізілген Айгүлге дәрігерлер ем қолданбағаны былай тұрсын, бір тәулік бойы басқа ауруханада ұстапты.
Махаббат Әбдікеева А. Ахметованың туысы:
-Бір тәулік бойы облыстық клиникалық ауруханада ұстап, уақыт жоғалтты. Кеселдің түрін бірден анықтаса, құтқаруға болар ма еді. Кейін осында жеткенде, күйдіргі ауруы болуы мүмкін деді.
Ауруханада түнде сол ауылдың 50 жастағы тұрғыны да жан тапсырды. Тепсе темір үзетін азаматтың санаулы сағаттарда -ақ демі таусылғанына туыстары әлі сене алар емес. Ал дәрігерлер сараптама қортындысы шықпайынша нақты мәлімдемеден тартынып отыр.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Иә, екі азамат қайтыс болды. Біз медициналық мекемеге келгендердің бәріне ем көрсетіп жатырмыз. Ол енді сібір жарасы ма,басқа ауру ма, санэпидқызмет анықтайды. Сондықтан қазір қажетті зерттеулерін жүргізіп жатыр.
Ауылда қазір әр аулаға заласыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Өзін нашар сезінгендердің барлығы дәрігерлердің қарауына алынған. Өйткені ауруханаға түскендер ауырған малдың етін жалаң қолмен ұстағандары анықталыпты. Алайда, екі адамның өмірін қиған қауіпті кесел малдан жұқты дегенменмен, ауылда әлі карантин жарияланбаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!