Назарбаев: Жақсыбеков ешкімді бөліп-жармай адал жұмыс істейтін адам
Есілдің сол жағалауында ауыс-түйіс! Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев президент әкімшілігінің басшысын, Мәжіліс спикері, Астана әкімі мен Инвестициялар және даму министрін ауыстырды. Сөйтіп, бар-жоғы бірнеше сағаттың ішінде, Астананың саяси өміріне жан бітіп, қызу қарбалас басталып кетті.
Автор: Ербол Сейілхан
21.06.2016
Бүгін Ақордаға дереу аппарат басшыларын жинаған Елбасы тосын кадрлық шешімін дәл осы жерде жариялады. Кеше күні бойы Нығматулин мен Жақсыбековты ертіп, оңаша қала аралаған Назарбаев, бүгін сол екеуінің қызметін ауыстыруды шешіпті. Сөйтіп, 2 жылға жуық Астана әкімдігін басқарған Әділбек Жақсыбеков Ақордаға қайта оралып елдің саяси жүйесі мен ішкі идеологияға жауапты болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Аппараттың басшысы деген президент үшін өте маңызды. Өте сенімді. Өте білгірлікті қажет ететін қызмет. Сондықтан Әділбек Рыскелдіұлын қайтадан қайтаруды ойладым. Біраз уақыт істеп кетті. Министр болды, ар жағында елші болды. Барлық жағынан өте тәжірбиелі, салмақты, бөліп жармайтын адал қызмет істейтін адам керек болды. Сондықтан Жақсыбековты аппарат басшысы етіп тағайындадым. Қабыл алыңыздар да бірге жақсылап жұмыс істейтін болыңыздар. Нығматулин менің жанымда көп жылдан бірге келе жатқан әріптес. Қай жерге қойсаң да жұмысты орындап, нақты тапсырманы біліп білгірлікпенен жұмыс ітеген азамат. Сондықтан мен рақметімді айтамын. Рақмет, жұмысыңа. Барған жеріңде табысты бол. Жақсы.
Президент, Парламент сайлауын ың-шыңсыз өткізгені үшін алғыс естіген Нұрлан Нығматулин де жұмыссыз қалған жоқ. Ықпалды шенеунік Мәжіліске оралып қайта спикерлікке ұсынылды. Ал төменгі палатаны бірнеше ай басқарған 68 жастағы Бақтықожа Ізмұхамбетов саясаттан алыстап Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланып отыр. Астана әкімінің орынтағы да ұзақ уақыт бос тұрмады. Бұл маңызды қызметке Елбасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовты лайық деп тапқан. Бұған дейін әкім болып көрмеген Исекешов үшін бұл нағыз сыналар шақ. Енді Астананың су жаңа басшысы бас шаһарды ЭКСПО-ға дайындауы керек. Бұдан-былай елге инвестор тарту мен индустрияландыру шаруасына 41 жастағы Жеңіс Қасымбек жауапты. Бұған дейін Исекешовтың орынбасары болған Қасымбекті президент Инвестициялар және даму министрі етіп тағайындады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!