Керекуде биыл бала асырап алуға ниет білдергендер көбейген
Қазір мұндағы жетімдер үйі тіпті қаңырап бос қалуға жақын. Бұған дейін өңірде ата-ана қамқорынан айырылған 900-ге жуық бала тіркелсе, бүгінде олар екі есеге азайыпты. Сөйтіп, бес бірдей жетімдер үйі жабылған. Патронаттық тәртиеге алу сияқты жақсы үрдіс жалғаса берсе, алдағы уақытта өңірде бірде бір балалар үйі қалмайтын сыңайлы.
Автор: Әйгерім Шакаманова
22.06.2016
4 жасар Вера туғанынан жетімдер үйінде. Анасы оны перзентханада тастап ізін суытқан. Сегіз ай бұрын патронаттық тәрбиеге алынған бүлдіршіннің қазір жағдайы жақсы. Өздерін «әке, шеше» деп атаған баладан ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ.
Светлана Даниленко, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Вераның келуімен отбасымызда бәрі өзгерді. «Анашым» деген сайын жүрегім елжіреп қоя береді. Тез тіл табысып кеттік. Қызымыздың жарқын болашағы үшін қолымыздан келгенді жасауға дайынбыз.
Ал мынау Кенжекөл ауылындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері. Шағын орталықта қазір мына бес бүлдіршіннен өзге бала жоқ. Бес бала тек биылдың өзінде жаңа отбасы тапқан. Жалпы, соңғы уақытта өңірде сәби асырып алуға ниет білдіргендер саны еселеп артыпты.
Саян Мұқанов, Павлодар облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
-2010 жылдан бері алатын болсақ балалар саны 810-нан осы күні 464-ке дейін қысқарып отыр. Халқымыздың әл ауқатының жақсаруына да байланысты, сонымен қатар міне бала тәрбиелеп, өз баласын болса да қосымша баланы патронаттық тәрбиеге алып, қамқоршылық пен қорғаншылыққа алып балаларды тәрбиелеп өсіріп жеткізуге халқымыздың, ата-аналардың осындай ұмтылысы.
Осылайша Керекудегі 20-ға жуық жетімдер үйінің биыл бесеуі жабылып қалған. 200-300 орынға шақталған кейбір мекемелердің бөлмелері бос қалуға жақын.
Қазірдің өзінде аймақта бала асырап алғысы келетін 105 отбасы тіркелген. Бірақ олардың басым бөлігі 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді өз қамқорына алуға ниетті. Ал ересек бала мен денсаулығында кінәраты бар жеткіншектер отбасылық бақытқа бөленуден қалыс қалуда. Десе де, әлі кәмелет жасына толмаған жаутаңкөздер тілектерінің орындаларына сенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!