Маңғыстауда газдың қымбаттауы жүргізушілердің түсінбестігін туғызды
Алдағы айдан бастап Маңғыстауда көгілдір отын бағасы үш есеге қымбаттайды. Яғни сұйытылған газдың литрі енді 17 теңгеден саудаланбақ. Осылайша шенеуніктер шаш етектен шығынға батқан газ өңдеу зауытын қаржылық қиындықтан құтқарып, аймақтағы газ тапшылығын шешпекші. Көтерме бағаның өсуі жүргізушілердің де қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Себебі бұдан былай газ құю бекеттеріндегі көгілдір отынның литрі 35 теңгеден сатылады. Қайта жергілікті билік, ақыны одан асыруға тыйым салыпты.
Автор: Диас Нұрақын
23.06.2016
Жарты жылдан бері газ тапшылығын тартып келген Маңғыстау обылысында көгілдір отын бағасы ақыры қымбаттайтын болды. Яғни келесі айдан бастап сұйытылған газдың бір литрі зауытта 17 теңгеден сатылмақ. Бұрын көтерме бағасы 6 теңгені құрайтын сұйық отын осылайша бірден үш есеге қымбаттап отыр.
Бекқали Жұбанов, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары:
-28 мың теңге тоннасына НДС-сіз. Литрге шаққанда 16 теңге. Бұл баға зауытта тұрақты. Себебі алдыңғы жылдың наурызынан бастап зауыт шығынмен жұмыс жасап келді. Себебі оның бағасы литрге шаққанда 6 теңге болған.
Көтерме бағаның қымбаттауы жүргізушілердің де қалтасын қағатыны белгілі. Себебі бұдан былай жекелеген газ құю орталықтарында сұйық отынның литрі 35 теңге деп белгіленді. Ал орталықтан шалғайдағы Бейнеу ауданы үшін баға тағы да он теңгеге қымбат. Бұрын 27 теңгеден газ алып үйренген халық енді бұған наразылық білдіруде.
Қайролла Ибаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Жекеменшікке қиын ғой. Көп адам такси боп етіп күн көреді. Өзімізден шығатын газ болса 35 деген келіспейді ғой.
Ал арнайы бекітілген бағаны қолдан қымбаттатқан кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылмақшы. Яғни монополияға қарсы агенттік газдың бір литрін 35 теңгеден асырып сатқандарға ірі көлемде айыппұл саламыз дейді. Алайда бұл тәртіп тек жыл соңына дейін жарамды. Ары қарай бағаның қалай құбылатыны әзірге белгісіз болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!