Елімізде дүкеннен сатып алынған тауарды бір ай ішінде қайта өткізуге болады
Елімізде тұтынушылар құқы қатаң қорғала бастады. Бұдан былай дүкеннен сатып алынған тауарды бір ай ішінде қайта өткізуге болады. Жаңа заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тұрғындарға осындай мүмкіндік беріп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
23.06.2016
Мәселен бұған дейін сатып алған тауардың сыны, сапасы немесе түсі ұнамаса 14 күн ішінде кері қайтарып беруге болатын. Енді бұл мерзім 30 күнге дейін ұзартылған. Тіпті түбіртекті жоғалтып алсаңыз да ұнамаған тауардың ақысын даулай аласыз. Ол үшін зат алғаныңызды растайтын куәгер немесе түбіртектің суреті болса жеткілікті. Себебі жаңа құжатта супермаркеттер мен өзге де сауда орталықтарының ішінде фото-видео түсірілім жасауға рұқсат етіліп отыр. Сондай-ақ бұдан былай сатып алған тұрмыстық техника мен өзге де құрылғылардың сапасы сын көтермесе кез-келген уақытта дүкенге өткізуге болады. Тіпті кепілдік мерзімі өтіп кеткен жағдайда да сатушы ақшаңызды толық мөлшерде қайтарып беруі тиіс. Ал бұзылған техниканы кепілдік беруші мекеме үйіңізден өзі алып кетіп, он күн ішінде қайта жасап беруге міндетті. Белгіленген уақытта қалпына келтіре алмаса жаңасын талап етуге болады. Мамыр айынан бері күшіне енген осы заң талаптары орындалмаса кез-келген тұтынушы сотқа жүгіне алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!