Тәуелсіз экономистер зейнетақы қорындағы ақшаның депозитке айналғанын сынады
Зейнетақы депозитке айналмауы тиіс. Бас банкирдің бастамасы елде қызу талқыға түсіп жатыр. Зейнетақы жүйесіне банк технологиясын қолдану дұрыс емес дейді көптеген экономистер. Өйткені, салымдар бейнеттің зейнетін көруге ғана жұмсалуы керек. Ал шетелдік тәжірибені енгізу үшін өмір сүру деңгейі де сондай болуы тиіс екен. Мәселен, орта есеппен әр азаматтың шотында қазір 700 мың теңге ғана бар. Бұл қартайғанда шалқып өмір сүруге аздық ететіні сөзсіз.
Автор: Олжас Байжан
23.06.2016
Бас банкирдің зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу бастамасында жауаптан гөрі сұрақ көп. Себебі, алдағы жоспар баяндалғанымен, оның қалай іске асырылатыны, кімнің және қандай жағдайда салымдарды алу мүмкіндігі бар екені ашық айтылмаған. Бірақ Ұлттық банктің бастамасы нәтиже берсе, бірінші кезекті салымшылар ұтады дейді экономистер.
Әкімжан Арупов, Экономика және халықаралық қатынас институтының директоры:
-Біз нақты экономикалық жағдайды есепке алуымыз қажет. Жоспар бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту көрсетілген. Бұрын зейнетақы қорына түскен ақша көбеймейтін. Қазір сіздің салымдарыңыз пайда әкеледі. Ол жыл сайын өсіп отырады.
Ұлттық банктің болжамы бойынша зейнетақы қорындағы қаржы мерзімінен бұрын тек үш жағдайда шешілуі мүмкін. Яғни, оқу ақысын төлеуге, баспанасыз жүрсеңіз үй алуға және ауыр дертке шалдыққан жайдайға емделуге. Белгілі бір жасқа да әзірге шектеу қойылып отырған жоқ. Тек сарапшылардың тағы бір тобы, бұл жоба толық ойластырылмаған деп отыр.
Айдар Әлібаев, Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы:
– Бас банкир зейнетақы қорын банк технологиясы мен депозиттермен шатастырып жүр. Ақшаны қалаған кезде шешіп, қалағанынша жаратуға болмайды. Бұл зейнетақы жинағының ерекшелігі болып табылады. Ол адам қартайғанда ғана қайтарылып берілуі тиіс.
Қазір зейнетақы қорында жинақталған қаржы 6 триллион теңгеден асады. Былтырдың өзінде Ұлттық банктің қаржы ұйымдарына 200 млд теңге ұсынғанымен, тек 94,4 млд жұмсалған. Сондықтан бос жатқан ақшаны мақсатты түрде елге қайтару көзделген сыңайлы. Дегенмен, мұны іске асыру мүмкін емес деп пікір айтушылар көп.
Айдар Әлібаев, Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы:
-Зейнетақы аударымдарының жинағы ел бойынша орта есеппен 700 мың теңгеден аспайды. Бұл ақша бір жыл өмір сүруге де жетпейді. Отандастарымыздың бірі қара нан жеп отырса, екіншілері қара уылдырыққа үйренген.
Қалай дегенмен де, қазір әлемдегі дамыған мемлекеттер осындай реформаға көшкен. Азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын жеке басына пайдаланып, несиесін жабуға немесе еміне тиімді жұмсап жүр. Ал, Ұлттық банк бұл тәжірибені бізде қолдану үшін алдымен қордағы қаржы екінші деңгейлі банктерге депозит ретінде салып, еселеп алмақшы.
Осылайша жұрттың жылдар бойы жинаған салымы инфляциядан қорғалмақ. Нақты өзгерістер енгізілген сәтке дейін отандастарымыз әдеттегідей ай сайын жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударып, жиналған қаржыны әйелдер 58-ге, ал ерлер 63 жасқа толғанда ғана толық шешіп ала алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!