Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатары ядролық қаруы бар Үндістан мен Пәкістанмен толықты
Еуропалық одақ сияқты біртұтас болмаса да, әлемде өзіндік ықпалы бар тағы бір алып ұйым - Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатары керісінше көбейгелі жатыр. Ташкентте өткен саммитте Үндістан мен Пәкістанды қатарға қосуға қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұл екі қуатты ел келер жылы Астана саммитінде толыққанды мүшелікке өтеді деп күтілуде.
Автор: Жәудір Оразхан
24.06.2016
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Бұл деген ШЫҰ дүниенің 45 пайыз халқы тұратын, дүниенің 20 пайыз экономикасы бар үлкен мемлекетке, елге айналды.Еуразияның территориясындағы да алып жатқан аймағы үлкен. Енді ШЫҰ төрағасы Қазақстан болады. Ендігі жылы бізде жиналатын болады. Ол кезде Иранды қабылдау мәселесін қараймыз.
Осылайша, бастапқыда Қазақстан, Қытай, Ресей сынды алты мемлекет арасындағы саяси, қауіпсіздік, экономикалық байланыс орнатуға арналған ұйымның әлемдік аренадағы беделі артып отыр. Оның құрылғанына биыл 15 жыл. Ташкенттегі саммитте Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-көлік хабын құруды ұсынды. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ пен «Жібек жолын» байланыстыру арқылы қарым-қатынасты нығайтуды және еркін сауда аймағы құрылуы қолға алу қажет деді Елбасы. Бұған қоса Шанхай ынтымақтастық ұйымы терроризмге қарсы конвенция дайындауы да мүмкін. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанда өткен жиында уақыт тауып, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, Пәкістан президенті Мамнун Хусейнмен, Ауғанстан басшысы Мохаммад Ашраф Ғанимен кездесіп, ел экономикасына қатысты келісімдер жасап үлгерді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!