Таластың арнасынан асуына жамбылдық шенеуніктер қырғыздарды кінәлады
Жамбыл облысының тұрғындары қызыл сумен алысып әлекке түсіп жатыр. Талас арнасынан асып, жүздеген үйдің ауласын басып қалған. Әсіресе өзен жағалай жайғасқан жұрт жанын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр. Себебі күн өткен сайын асау өзеннің жиегі орылып, баспаналарға үлкен қауіп төндіруде. Ал шенеуніктер апатты жағдайдың туындауын Қырғызстандағы Киров су қоймасынан көп мөлшерде су жіберілуімен түсіндіреді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
24.06.2016
Таластан аққан асау су тұрғындардың есінін алды. Қазір өзен арнасына сыймай, осы маңдағы ел-жұртты әлекке салуда. Мәселен, Тектұрмас аймағындағы жүзге жуық үйдің ауласын су басып қалған. Қараша жиналған судан құтыла алмай зар жылап отыр.
Таласты жағалай қоныстанған тұрғындар бір жетіден бері кірпік ілмей жүр. Өйткені өзеннің жиегі күн санап жырылып, үйлерді шайып кету қауіпі тұр. Екпінмен аққан судың күштілігі сонша, талды тамырымен қопаруда.
Гүлбайра Түлекбекова, Тараз қаласының тұрғыны:
-Мына Таластан 20 метр қашықтықта едік. 20 метр қашықтың бір-ақ сағатта үйімізге жетіп келді. Сол анау жерде тұрғанда біз әкімдіктен көмек сұрадық. Мына Таластың жағасын біз, күндіз-түні қарауылдаймыз. Ұйықтамаймыз біз түнімен.
Ал, жауапты мамандар жағдайдың ушығуын Қырғызстандағы Киров су қоймасындағы судың шекті деңгейге жетумен түсіндіреді. Ондағы су ернеуінен асып, Таразды басып қалмас үшін, Талас өзені арқылы көп мөлшерде су босатылған екен. Бірақ Шу-Талас бассейннің басшысы төтенше жағдайдың болуына Қырғызстандағы әріптестерін кінәлауда. Яғни, биыл жауын-шашынның жылдағыдан көп екенін біле тұра, дер кезінде Таластан су тасталмаған. Ал, өздері ескертулерін елемеген айырқалпақты ағайындардың әрекетін түсінбей дал.
Жұмабек Мұхатаев, Шу-Талас бассейіндік инспекциясының басшысы:
-Олар бізді тыңдамады, суды қысып жібермей қойды. Ал, су қоймасы әбден толды. Бір ай бұрын дабыл қағып, бірнеше рет хат жаздық, тым-тырыс жатып алды. Содан бір күні ескертпестен суды жібере салды. Өзіміз Талас арқылы секунтына 70-80 текше метр су қабылдап жүрсек, олар 210 текше метрді босата салды. Неге бұлай еткендерін түсінбедік.
Дегенмен қос тараптың түсініспеушілігі Үкіметтік деңгейде шешіліпті. Қазір Талас арқылы секундына 150 текше метр су тасталуда. Бірақ, оның өзі жұрттың мазасын қашырып отыр.
Киров су сақтау қоймасының жалпы сыйымдылығы 550 млн. текше метр. Осыдан оншақты күн бұрын мұндағы судың деңгейі 548 млн. текше метрге дейін көтеріліп, төмендегі Тараз қаласына үлкен қауіп төндірген. Апаттан қауіптенген мамандар Талас өзені арқылы қоймадағы суды төмен қарай тастаған. Яғни, содан бері мұндағы судың деңгейі 530 млн. текше метрге төмендеді. Қазір ешқандай қауіп жоқ деп сендіреді атқарушы билік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!