Ертіс ернеуінен асып, Өскеменді топан су басты
Қазірдің өзінде 47 үйдің ауласын су алып, 80 адам шұғыл эвакуацияланған. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар арасында құтқарушылардың сөзіне құлақ аспай, үйінен шықпай отырғандар көп екен. Бірнеше күн бұрын Бұқтырма су қоймасынан артық суды сыртқа ағыза бастаған болатын. Соның кесірінен облыс орталығы қазір қызыл сумен әлек болып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
24.06.2016
Өскемендегі «Ғашықтар» саябағын осылай топан су басып жатыр. Шаһардың біраз бөлігі де қазір осындай көл-көсір суға батқан. Ертіс суы соңғы 50 жылда болмаған деңгейге көтеріліп, қаланы қиын жағдайға қалдырып отыр екен.
-Ертістің суы көтерілді де жоғарыдан ағып келіп, көшелерге түсіп, үйлерді басып қалды. Керекті заттарымызды жинап, көлігімізбен кетіп қалдық. Кешке 7 жарымдар шамасында құтқарушылар келіп, адамдарды қайықпен әкетіп жатты.
Қалалық төтенше жағдайлар қызметі күн-түн демей көз ілмей жұмыс істеп жатыр. Үйлері суға кеткендерді құтқару үшін қайықтарын арқалап, басқалары тұрғындарды келер қауіп жөнінде ескертуде.
Бүгінге дейін «Ертіс-2» саяжай қоғамында 47 үйдің ауласы суға кетіпті. Қауіпті аймақтан 80 адам сыртқа көшірілген. Бірақ, өз үйін тастап кеткісі келмейтіндер құтқарушыларға үлкен кедергі болып отыр.
Марина Лискова, Өскемен қалалық ТЖБ баспасөз хатшысы:
-Ертіс-2 саяжай қоғамы аумағында 47 үй суға кетті. 80 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бірақ өз үйінен кеткісі келмейтін тұрғындар құтқарушылар қызметіне үлкен кедергі келтіріп жатыр. Дегенмен, жергілікті полиция өкілдерінің көмегімен су деңгейін күндіз-түні бақылап отырмыз.
Бірер күн бұрын Бұқтырма су қоймасы толып кетіп, артық су сыртқа ағызыла бастаған еді. Оның ақыры осындай қиындыққа әкеліп отыр. Қазір жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары мен полиция өкілдері тәулік бойы жағдайды бақылауда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!