{metadescription}
Петропавлда үйлері қисайған жұрт шу шығарды
Петропавлда үйлері қисайған жұрт шу шығарды

Петропавлда үйлері қисайған жұрт шу шығарды

Петропавлда екіқабатты бес үйдің тұрғындары үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Өйткені соңғы жылдары олардың баспаналары он сантиметрге қисайыпты. Ал шенеуніктер бес нысанның екеуін ғана апатты деп танып, ондағы тұрғындарды баспана кезегіне қойған. Қалған үш үйдегі жұртқа пәтерлерін жөндеп алсын деп кеңес берді. 

Зоя Зайнуллина мына үйді осыдан 13 жыл бұрын сатып алыпты. Бір жағы қаржысының жеткені осы, екіншіден ескі үй сүрілсе, жаңа баспана алам ба деген үміт те болған. Бірақ содан бері көрген бейнеті осы. Көктем мен күзде еден белуардан суға толады. Қабырғада тұсқағаз түгілі, сылақ  тұрмайды. Коммуналдық игіліктерден тек жылу ғана бар. Сыз тартқан үйдегілер шетінен ауру. 

Шәмшия Шорина, зейнеткер:

-Осы арадан мен келгелі үш кісі қайтты. Біреуі туберкулезден қайтты, біреуі қант диабетінен , тағы біреуі жүректен қайтты. Себебі жағдай жоқ, жағымсыз иіс соның кесірі.

Петропавлдың қақ ортасындағы екіқабатты бес үй 1987 жылы-ақ тұруға жарамсыз деп танылған екен. Ол кезде тұрғындар басқа жаққа көшіріліп, ғимарат бұзылатын болған. Алайда сол тұста шенеуніктер бос қалған 40 пәтерге қайтадан мұқтаж жандарды қоныстандырыпты. Содан бері мұндағы жұрт жандарын шүберекке түйіп тұрып жатыр. Тек былтыр ғана бес үйдің екеуі ресми түрде апатты деп танылып, оның тұрғындары кезекке қойылған. 

Торғын Ахметқызы, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Былтыр 68-ші боп кезекте тұр едік. Биыл интернеттен тексердік,69-да тұрмыз қайтадан. Қыс бойы ақты төбеден, кәдімгідей су, шелек қойып отырдық .

Қазір қалған үш үйдің тұрғындары өз баспаналарын апатты деп тану үшін әкімдіктің босағасын тоздырып жүр. Бірақ онысынан түк шығар емес.

Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:   

- «Тұрғындарға үйлеріңді жөндеп, ғимараттарды  апаттық жағдайға жеткізбеңдер» деген нұсқау бердік. Екі үйді апаттық деп таныдық. Қалғандарын жамап жасқаса әлі де тұруға болады деді сарапшылар. Ал олардың түк істегілері келмейді. Мақсаттары – тек баспанаға  кезекке тұру.

Шағымданбаған жері қалмаған тұрғындар енді не істерлерін білмей дал. Жылына бір пәтер ғана алға жылжитын кезекке де тұруға құқылары жоқ екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.