{metadescription}
Ашуға мінген Мәсімов ветеринарлардың жұмысына шүйлікті
Ашуға мінген Мәсімов ветеринарлардың жұмысына шүйлікті

Ашуға мінген Мәсімов ветеринарлардың жұмысына шүйлікті

Елдімізде осы күйдіргі дерті қайта өршуі мүмкін ошақтардың барлығы қатаң бақылауға алынбақ. Бүгін Үкімет жиынында мал қорымдарын күзету үшін бюджеттен бөлініп келген қыруар қаржының тиісті мақсатта жұмсалмағаны анықталды. Өйткені, ауру мал көмілген бірде-бір жер қоршауға алынып, тиісті белгілермен көрсетілмеген. Сондықтан Үкімет басшысы қазынадан бөлінген қаржының әр тиыны қайда кеткенін тексеруді тапсырды.

Күйдіргі дерті қазір Үкіметте күнде қозғалатын тақырыптың бірі. Бүгін де Министрлер кабинетін түгел жинаған премьер Кәрім Мәсімов, аса қауіпті кесел қайдан тарады деген мәселеге көп тоқталды. Әсіресе, Үкімет басшысын ашуландырған – мал қорымдарының қараусыз қалуы. Бюджеттен бұл үшін жылда миллиондар бөлінсе де, ауру мал көмілген аумақтар сол күйі қоршалмапты. 

Кәрім Мәсімов, ҚР премьер-министрі:

-Бізде мал қорымдарын күзету мәселесі мүлде орындалмайтын болыпты. Неліктен? Ауру мал көмілген жер 100 жылдан кейін де күзетілуі тиіс. Оның үстіне оған ақша бөлініп отыр. Сондықтан қаржының қайда кеткенін тексеріп, әркімнен жеке-жеке жауап алу керек.

Премьердің мал қорымдары үшін алаңдайтын жөні бар. Өйткені, аты жаман кеселдің өршуіне екпенің дұрыс жасалмауы мен төрт түліктің осы мал қорымдары жанында жайылуы себеп болуы мүмкін. Ал, қазір ел бойынша ауру мал көмілген 700-ден астам орын ашық-шашық жатыр. Сондықтан Үкімет басшысы мұндай жерлерді қадағалауға алуды қатаң тапсырды.

Кәрім Мәсімов, ҚР премьер-министрі:

-Ветеринарлық бақылау комитеті дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ. Тіпті, екпенің қалай жүргізіліп жатқанынан бейхабар. Әрі санитарық бақылауды, яғни, Тұтынушылар құқығын қорғау комитетін түк қатысы жоқ Ұлттық экономика министрлігінің құрамынан шығарып, Денсаулық сақтау министрлігіне қосу керек.

Енді жуық арада еліміздегі мал қорымдарының барлығы жаппай қоршауға аланып, тиісті белгілермен көрсетілуі тиіс. Тіпті, ауру мал көмілген жер картаға да шығады. Бұл істі премьер жергілікті әкімдерге тапсырып отыр. Айта кетейік, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында ауру малдың етін жеп 10-нан астам адам күйдіргі дертін жұқтырған. Қауіпті індеттен екеуі көз жұмса, қалғандары ем қабылдап жатыр.

Бұдан бөлек, жиында айлап жалақы аламаған жұмысшылардың да жайы қаралды. Енді Үкімет қызметкерлеріне маңдайтер ақысын төлемейтін компанияларға күрес жарияламақ. Қазір әкімдер қол астындағыларға қарызға батқан жұмыс берушілердің тізімін түгендеуге кірісті. Өйткені, олардың қарызы бір жарым миллард теңгеден асып кеткен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде