Алматыға Мәсімов келер алдында Байбек арық мәселесін шешуге дереу кірісті
Ал Алматыны су басып қала беретініне қатысты Үкімет басшысынан екі мәрте ескерту алған қала әкімі бүгін арық мәселесін кеңінен қозғады. Мәлімет бойынша, соңғы 6 жылда небәрі 113 шақырым арық жөндеуден өткен. Ал оның жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Тура осындай қарқынмен жұмыс жүргізілген жағдайда ол бір ғасыр уақытты алуы мүмкін. Бұл жерде қаржы тапшылығы да қолбайлау екенін айтқан Бауыржан Байбек қоластындағыларға арық жүйесін реттеуге ақшаны үнемдеп жұмсауды тапсырды.
Автор: Олжас Байжан
29.06.2016
Бауыржан Байбектің қабылдау бөлмесінің алдында оның орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері жиналды. Әрине, аудан басшылары ерекше қожалжып тұр. Себебі әрбір жауыннан соң су басқан үйлерден түсетін шағым азаяр емес. Бүгінгі жиында арық мәселесі ерекше айтылды. Ал осы салада атқарылып жатқан жұмыс қарқыны тым баяу екен.
Ерлан Әукенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
-Тура осындай қарқынмен жұмыс жүргізетін болсақ арық жүйесін толық жөндеуден өткізіп, жаңаларын жүргізу үшін 100 жыл да жетпейді.Қазіргі күнге дейін жауын суы ағатын арнайы жүйе жоқ. Бұл жүйенің қайда екенін табудың өзі қиынға соқпақ.
Шенеуніктер 3 ай бойы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын арықтардың барлығын тексеріп шыққан. Соңғы 6 жылда оның небәрі 113 шақырымы ғана жөндеуден өтіпті. Ал қалған бөлігінің жағдайы көңіл көншітпейді. Себебі, жаңадан қосылған аймақтарда арық атаулы мүлдем жоқ, ал сауда үйлері бар жүйенің тас-талқанын шығарыпты.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-Жолды жөндеп, барлығын асфальтпен жауып тастайды. Бұл сәулет және құрылыс басқармасының кәнәсі. Олар құрылыстарды қадағалауы керек. Енді жеке кәсіпкерлер өз олқылықтарын өздері жойсын, бюджеттің ақшасы бұған жетпейді.
Алматының арық жүйесін қалпына келтіру үшін шамамен 4 млрд теңге қажет екен. Әрине, бюджеттен мұндай қаржыны алу оңай емес. Ал есеп-қисапты тексерместен мақұлдайтын атқамінерлердің әрекеті Байбектің ашуын келтірді.
–Өткен жолы аудан әкімдерін сұрадым, қанша ақша керек екенін өздері білмейді. Сметаның не екенін түсініп отырғаны да шамалы. Бұл деген мемлекеттің ақшасы емес пе?
Жауын суларына арналған жүйенің картасын жоспарлауға тағы 3 ай қажет екен. Ал ол уақытқа дейін арықтар қолға алынбақ. Қазіргі таңда олар қоқыстан тазартылып, жер-жерлерде тиісті жұмыстар басталған.
Қала ішіндегі арықтарды жөндеу, қалпына келтіру немесе жаңадан жүргізу арзан дүние емес. Мәселен дәл мынандай ашық арықтың әрбір метрі кемінде 11 мың теңге тұрады. Бұл тек қана қажетті құрылыс материалдарының бағасы. Ал одан бөлек атқарылатын жұмыс құны бар. Сондықтан бюджет ақшасы жетпеген жағдайда нөсер жауыннан соң су арықпен емес, көшемен ағуы жалғаса бермек. Себебі, арнайы жауын суы құйылатын арналар тек жоспарда ғана бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары