Астанаға төпелеп жауған жаңбыр Исекешов үшін алғашқы сынақ болды
Астанада бүтін бір базарды топан су басып қалды. Толассыз жауған жауыннан кейін сауда орталығының іші көлге айналған. Сөйтіп, миллиондаған теңгенің құрылыс заттарын қызыл су шайып кетті. Төрт жылдан бері жаңбырдың суымен алысып келе жатқан сатушылар әкімдікке қанша өтініш жазса да, шенеуніктерден еш қайыр болмады деп отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
29.06.2016
Жаңбыр жауса болды, астанададағылардан береке қашады. Жұрт жаппай қызыл сумен алысып әлекке түседі. Түнімен төпелеген жауыннан кейінгі ірі құрылыс базарындағы жағдай мынау. Күнде саудасы қызып жататын орталық бір күнде көлге айналған. Тауардың мүлдем өтпей қалғанын айтпағанда, құрылысқа қажетті ағаш, шатыр, құбыр мен қап-қап цемент судың астында қор болып жатыр. Адам аяқ баса алмайтын базарда көліктер ғана жүзіп жүр.
Бар жиғаны жарамсыз болып қалған сатушылардың суға кеткен заттарын қарауылдаудан басқа амалы жоқ. Олар контейнерлерді айналшықтап кете алмай жүр. Тұрғындардың айтуынша, бар мәселе базар маңындағы мына арықта екен. Оның асфальттің астындағы бөлігі бітеліп қалған көрінеді.
Ибатолла Мұхамедәли, Астана қаласының тұрғыны:
-Екі ауданның біреуі - Алматы, біреу - Сарыарқа ауданы. Мына жерден бұрын су ағып арықарай өте беретін. Соны барды да Сарыарқа ауданын жауап тастады. Енді төртінші жыл біз осыған қиналып жатырмыз. Жыл сайын жазғытұрым, күзде осындай жағдай болып жатыр.
Сатушылар әкімдікке жылдар бойы жағдайды айтып, өтініш жазып келеді. Алайда шенеуніктерден еш қайры болмапты. Шаһардың базардан басқа жерлері де мәз емес. Бас қаланың басты көшелерінде темір тұлпарлар су кешіп жүр. Ал арнайы көліктер суды сорып үлгере алмауда.
Астанада жаңбырдан кейін суды ағызып жіберуге жылда миллиондаған қаржы бөлінеді. Шенеуніктер бар ақшаны ұқсата алмай отыр. Тіпті Президенттің өзі: «ЭКСПО-ға» келген қонақтарды қайықпен тасуға тура келетін шығар» деп қаланың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков пен оның орынбасары Хорошунды сынаған еді. Одан да еш нәтиже болмады. Ал синоптиктер Елордада шілде айы да жауын-шашынды болады деп отыр.
Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
-1-ші және 28-шы маусым күндері және бүгін түнде жауын-шашын мөлшері 73 мм дейін жауды. Бұл айлық нормадан екі есе көп болды. Ертең Астанада күн бұлтты. Кей уақытта жаңбыр жауады, найзағай.
Яғни, Астана әлі де әйгілі Венецияның күйін кеше береді деген сөз. Елорда ғана емес, еліміздің өзге қалалары да жаңбырдан соң топан судың астында қалып отыр.
Мәселен, көл болған Алматыны да премьердің өзі жаяу аралап шығамын деп шаһар басшысы Бауыржан Байбекке ескерту жасаған еді. Кәрім Мәсімов Астананың су жаңа әкімі Әсет Исекешовті де дәл осылай тексеруі әбден мүмкін. Алайда Елорда шенеуніктері асығар емес. Бас қаланы жаңбырдан кейін көлге айналдырмас үшін әлі 2 жарым жыл керек екен. Су ағатын арықтардың мәселесі тек 2019 жылы толық шешіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!