{metadescription}
Ататүрік әуежайындағы жарылыс Ыстамбұлға аттанған жерлестерімізді шошыта қоймады
Ататүрік әуежайындағы жарылыс Ыстамбұлға аттанған жерлестерімізді шошыта қоймады

Ататүрік әуежайындағы жарылыс Ыстамбұлға аттанған жерлестерімізді шошыта қоймады

Ыстамбұлдағы жарылыстардан кейін елдегі әуежайларда қауіпсіздік одан сайын күшейтілді. Мұндай шара Ақтөбедегі атышулы оқиғалардан кейін-ақ қолға алынған еді. Ал қазір тіпті күзетшілер саны тағы көбейтіліп, жолаушылар мен жүктерді енді бір емес, бірнеше күш құрылымдары тексеріп жатыр. Әуе рейстері де қайта-қайта кейінге шегеріліп, Түркияға жол тартқандардың жүйкесін әбден жұқартқан.     

Таңсәріден әуежайда күзетшіден көп адам жоқ. Балалы әйелдерден бастап, бизнес класспен ұшатындарды да біртіндеп металл іздегішпен тексеріп жатыр. Одан қалды, иісшіл иттер де терминал түбінде тіміскілеп, жүктерден жарылғыш зат іздеп әлек.

Серік Мықтыбаев, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті: 

-Ақтөбеде болған оқиғалардан кейін әуежайдағы қауіпсіздік күшейтілген. Ал Түркиядағы жарылыстан соң тағы қосымша күзет қостық. Жолаушылар мен жүктер иісшіл иттермен жаппай тексеріліп жатыр. Сондықтан азаматтардан әуежайға үш сағат бұрын ерте келіп, осы жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Жолаушылардың де дегбірі қашқан. Таңсәріде Ыстамбұлға шыққандардың ұшуы екіұдай боп, 130 адам алты сағат бойы әуежайда тосып отырыпты. Абырой болғанда, Түркиядан Алматыға қайтқандардың жолы болып, жарылыстан аман-есен келіп қонған.    

Марина Беляева, Түркия әуе компаниясының агенті:

-Стамбулдан ұшқан ұшақ жарылыс болмай тұрып көкке көтерілген еді. Сәтті қонды.

Болған жайтқа жұрттың жүйкесі жұқарғаны сонша, сіркесі су көтермей әр нәрсені тексерген күзетшілермен жалжалдасып та қалып жатыр.    

Ыстамбұлдағы оқиғаға қарамастан, қазір онда ұшып баруға ниетті жолаушылар көп болмаса да бар. Енді олар бүгінгі рейстердің кейінге шегерілгеніне қарамастан, ертеңгі күнге арнап Ыстамбұлға арнайы «Алматы-Ыстамбұл» билеттерін сатып алып жатыр.

- Қорқынышты екені рас. Не істеймін енді? Ұшу керек? Қалай болса да ұшуым керек.

 Десе де, түстен кейін рейстердің кестесі қалпына келді. Ыстамбұлға барудан бас тартқандар әзірге жоқ екен.  

Тілек Әбдірахимов, «Эйр-Астана» АҚ ресми өкілі:

-Түркияға рейстеріміз жалғасуда. Бүгін кесте бойынша кешкісін сағат алтыға таман Алматыдан, жетіге таман Астанадан рейстеріміз ұшады.  

Тек Алматыда ғана емес, Астана, Ақтау қалаларындағы халықаралық әуежайлардың да қауіпсіздік қызметтері жұртқа айтқанын орындатып жатыр. Ол жерлерде де тексеру күшейген. Күзетшілер аса сақ қимылдауда.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.