Павлодарда қос бұғы көлік апатына себепкер болды
Жол жиегіндегі қоршаудан секіріп өткен аңдар жүріп келе жатқан машинаның дәл алдынан шыққан.
Автор: Әйгерім Шакаманова
30.06.2016
Оқиға түнгі үштер шамасында шаһарға кіре беріс жолда болды. Соққының күштілігінен 250 келілік жануарлар жолдың арғы жағына ұшып кетіпті. Бұғы мен бұзауы сол жерде өлді. Ал машина ішінде болған екі адам ауруханаға жеткізілген. Бас-сүйек жарақатын алған ерлі-зайыптылар Ақтоғай ауданынан үйіне қайтып келе жатқан көрінеді. Енді есін жиған олар қазір дәрігерлер бақылауында. Ал облыс аумағында бүгінде 150 бас бұғының қалғанын айтқан орманшылар бұл жануарларды көлік жарығы шошытқан деп отыр. Сол себепті жолдан шауып өтпек болған.
Райхан Айтжанова, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Біз бастапқыда жылқы деп ойладық. Сөйтсек бұғылар екен. Күйеуім тежегішті бірден басқанымен болмады. Қатты шошып қалдық. Көлігіміз жөндеуге келмейтін сияқты. Өзіміздің аман қалғанымызға шүкір.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары