Назарбаев жылдам жүйткитін «Тальгоның» кеңейтілген вагонына мінді
Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Елордадағы мақтауы асырылған нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, «Тұлпар-тальго» зауыты мен Үй құрылысы комбинаты және су жаңа бассейннің тұсауын кесіп, Орталық Азиядағы ең ірі Көлік-логистикалық орталығына барды. Қасына қаланың бұрынғы және қазіргі жаңа əкімін ерткен президент зауыттардағы жұмысты жандандыра түсу керектігін айтты.
Автор: Досжан Маратұлы
30.06.2016
4 бірдей нысанды аралаған Елбасының бүгін жұмыс күні қауырт болды. Қасына Астананың бұрынғы мен бүгінгі әкімін ерткен президент алдымен, «Тұлпар-Тальго» пойызы құрастырылатын зауытта болып, ені 25 сантиметрге кеңейтілген вагондарды көріп шықты. Жылдамдығы да әлдеқайда артқан мұндай су жаңа екі құрам жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Біздің пойыздарымыз Қазақстанда 40 көп болса 60 шақырыммен жүретін. Мыналар 160 шақырыммен жүйткитін адам таситын пойыздар. Адамдардың жол қатынасына кететін уақыты екі есе қысқарды. Бұл экономикаға да өте пайдалы.
Кейін президент Үй құрылысы комбинатында болды. Елімізде теңдессіз деп бағаланған зауытта тұрғын үй қабырғасы дайын күйінде шығарылады.
-Бұл дайын қабырғалар құрастырылып, жақында Елордадағы тұрғын үйлердің біріне айналады. Мөңке бише айтсақ, құрамалы, қорғанды үй болмақшы. Ал, оны құрылысшылар, балалардың конструктор ойынындағыдай, жинап тұрғызатын болады.
Мұндай жаңа әдіспен үй салу кәдімгі құрылыс қарқынынан үш есе жылдам.
Жанна Бектемірова, Үй құрылысы комбинатының бас директоры:
-Құрылыс мерзiмi 1,5 жылдан 6 айға дейiн қысқарады. Яғни жарты жылда 16 қабатты үй толығымен дайын болады деген сөз. Сөйтіп, келесі жылдың мамыр айына дейін 1200-ден астам пәтерді пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз.
Ал бұл мақтауы асырылған Орталық Азиядағы ең ірі Көлік-логистикалық орталығы. Бұл жерден біздің ел арқылы түрлі мемлекеттердің тауары әлемнің түкпір-түкпіріне тасымалданады. Сол арқылы салықтан ел бюджетіне түсім артып отыр. Әрі қағазбастылық 3 күннен небары 3 сағатқа дейін қысқарған.
Бұдан кейін Назарбаев Есілдің сол жағалауындағы олимпиадалық мұз сарайына барды. Әсірсе, су жаңа бассейндерді аралап көрген президент, спортшылардың өнерін тамашалады. Сөйтіп, бір күнде 4 бірдей нысанды аралаған мемлекет басшысы қаланың тірлігімен енді танысып жатқан жаңа әкім Әсет Исекешевке жұмысты одан әрі жандандыруға пәрмен берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!