Алматы облысында дәретханаға тасталған балаға талас күшейіп жатыр
Дәретханаға тасталған балаға талас күшейді. Алматы облысы Ақши ауылында нәжіс арасынан табылған сәбиді үйдің иелері де, көкек ананың шешесі де қайтарып алуға құлшынып отыр. Әзірге құзырлы органдар туыстарына рұқсат берген жоқ. Қарлығаш есімді сәби бұл күнде балалар ауруханасында. Ал нағашылары болса нәрестені алған бойда алдымен тегін өзгертпек. Ербол Тұрымбет жұрттың жағасын ұстатқан оқиғаның қалай болғанын сол сәбиді дәретханасынан тапқан үй иелерінің өз ауызынан естіп келді.
Автор: Ербол Тұрымбет
08.07.2016
Шулы оқиғадан Ақши ауылы түгел хабардар. Елде жоқ әрекеттің куәсі болған Шаншарбековтер әулеті де әлі күнге ес жия алмай отыр. Сол күні әдеттегідей ерте тұрған Сақыш әже баланы алғаш көрген сәтте қатты абдырағанын айтады.
Сақыш Шаншарбекова, Алтынайдың нағашы әжесі:
-Ойбаай, айта алмаймын. Қорқынышты. Денем дірілдегенде түс ауғанша өзіме ие бола алмадым ғой. Дәретханаға барайын деп шыққанда жылап жатқан баланың даусын естідім. Содан жүгіріп кеп көршіме кірдім де көмек сұрадым. Ішінен баланы алып қайтадан орнына қойып қойдым.
Нәресте табылған дәретхана осы. Ішінде қабырғасы опырылып, құдай сақтап, бала сол құрғақ топырақтың үстіне түскен екен. Үй иесі әжетхананы бұзып, шақалақты сатымен алып шығыпты. Айдар қазір болған жайды есіне алғысы да келмейді. Ол үшін басты мәселе – баланы қалайда өздеріне қайтарып алу.
Айдар Шаншарбеков, Алтынайдың нағашы ағасы:
-Баланы алып қалсақ дейміз. Өзімізге. Әжесі де алып қалғысы келеді. Енді Алланың берген баласы ғой. Енді мен ойлаймын, оның атын өзгертпейміз. Қарлығаш болып қала берсін. Енді фамилиясы, басқасы өзгереді.
11 құрсақ көтеріп, олардан 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырған Сақыш қария кішкентай Қарлығашты асырап алғысы келеді. Бірақ, сәбиге талас күшейіп тұр. Өйткені, оны Алтынайдың шешесі де бауырына баспақшы. Бірақ оны енді сот орындары шешеді. Ал оң босағада отырып бала тапқан Алтынай есімді 22 жастағы қыз бұл үйге жиеншар боп келеді екен. Ол қазір уақытша қамау изоляторында отыр. Жауапкершілікке қызды жүкті еткен жауапсыз әке де тартылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!