Елімізде мемлекеттің жалға беретін пәтері тұрмысы қиын адамдар мен көпбалалы отбасыларға ғана үлестірілмек.
Осылайша, Үкімет бюджет ақшасына салынатын арзан үймен ең бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтарды жарылқамақшы. Бірақ, олардың ешқайсысына баспананы жекешелендіруге рұқсат етілмейді. Бастан-аяқ өзгертіліп жатқан тұрғын үй бағдарламасы жақын арада қайта қабылданады.
Автор: Досжан Маратұлы
08.07.2016
Үкімет отырысы елімізде соңғы күндері көп айтылып жүрген Тұрғын үй бағдарламасын талқылаудан басталды. Өйткені, бұған дейін президент жалға берілген үйлерді сатуға тыйым салуды ұсынған еді. Елбасы пәрмен берген соң Ұлттық экономика министрі шаруаға дереу кіріскен. Тіпті Қуандық Бишімбаев заңға дереу өзгерту енгізуді қолға алып, енді жалға берілетін пәтерлерді салумен жалғыз Қазақстан ипотекалық компаниясы айналысатынын айтты.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Сатып алуға тыйым салынған мемлекеттің үйлері ең бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға беріледі. Бұл бастама жұмыс күшін қаладан қалаға жылдам көшіріп отыру үшін қажет. Яғни қызметкерлер басқа шаһар немесе облысқа барғанда жалға арзан пәтер ала алатын болуы тиіс.
Яғни үкіметтен арзан бағамен алған баспананы азаматтар мүлдем өз атына жекешелендіре алмайды. Тек, осы уақытқа дейін келісім шарт жасасып үлгергендерге ғана пәтерді өз атына аударуға рұқсат етілмек.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Бұл өзгерістер тұрғын үй мәселесін толық шешеді деген үміт бар. 15 жылда 15 миллион шаршы метр пәтер салу жоспарланып отыр.
Ал, бұдан былай ауырып арам қатқан мал тек өртеледі. Өйткені, елімізде 700-ден астам мал қорымы қараусыз қалған. Ал, сол ауру мал көмілген жерде төрт түлік жайылған соң, күйдіргі дерті дендеп, Қарағанды облысында 2 адам ажал құшқан. Ауру ошағы кейін Шығыс Қазақстаннан да табылған еді.
Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
-Мұндай жағдай қайталанбас үшін ауру малды бірден өртеп, көзін құрту керек. Ол үшін арнайы пеші бар жылжымалы көлік алу қажет. Ал, ашық-шашық жатқан мал қорымдарын қоршап, бақылауға алу керек.
Облыс әкімдері өлген малды көметін қорым салуды ұсынған. Оған бюджеттің 5 миллиард теңгесі қажет. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрі тығырықтан шығар жолды өзі ұсынды. Асқар Мырзахметовтың айтуынша, өлген малды өртейтін пеші бар жылжамалы көлік алған дұрыс. Ол үшін де кемі 1 миллиард теңге керек. Қорымнан көрі шығын аз бұл ұсыныс премьер министрден де қолдау тапты. Бұдан бөлек, жиында айлап жалақы аламаған жұмысшылардың да жайы қаралды. Енді Үкімет қызметкерлеріне маңдай тер ақысын төлемейтін компаниялардың ізіне мықтап түспек. Өйткені, жұмыс берушілердің қызметкерлері алдындағы қарызы бір жарым миллард теңгеден асып кеткен.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Әсіресе, Шығыс пен Жамбыл облыстарындағы жұмыс берушілердің қарызы көп. Ал, ел бойынша жұмыстан 3 мыңнан астам қызметкер қысқартылып отыр. Бұл санның көбеюіне жол бермеуге тырсып жатырмыз.
Ал, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовты суға кетіп өлген адамдардың саны алаңдатып отыр. Мәселен, биылдың өзінде 200-ге жуық адам суға кеткен. Оның 80-нен астамы кішкентай балалар. Сондықтан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Елімізде 50 мыңнан астам суға шомылатын жер бар. Соның небары 130-ға жуығы ғана барлық талапқа сай. Қазір бұл іспен айналысып жатырмыз. Яғни, демалыс орындарының қожайындарын қауіпсіздікті сақтауға мәжбүрлеуіміз керек.
-Қауіпсіздік, тек жағажайларда емес, еліміздің барлық әуежайларында да күшейтілетін болады. Өйткені, Үкімет Стамбулдағы терактіден кейін осындай шара қолдануға мәжбүр. Яғни, алдағы уақытта жарылғыш заттарды анықтайтын замауани құрылғылар сатып алмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!