Елімізде жиілеген мал ауруы ет экспортын тұралатып тастады
Еліміздегі ет экспортымен айналысатын шаруалар банкрот болудың алдында тұр. Соңғы кезде жиілеп кеткен түрлі мал ауруына байланысты Ресей Қазақстаннан ет тасымалдауға қатаң тыйым салған болатын. Салдарынан отандық кәсіпкерлер белшеден шығынға батып, үш айда үш миллиард теңгені жоғалтқан.
Автор: Жәудір Оразхан
11.07.2016
Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстанның ет қауымдастығының төрағасы:
-Екі ай бұрын Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар облысында малдан пастереллез ауруы анықталғанын білесіздер. Осыған байланысты Ресей елімізден ет тасымалдауға тыйым салды. Тапсырыс тоқтаған соң, ет экспортымен айналысатын кәсіпкерлер жұмысшыларына жалақысын және алған несиелерін төлей алмай қалды.
«Қазақстанның ет қауымдастығындағылар» Үкіметтен шұғыл араша түсуді сұрап отыр. Мамандар ең алдымен жекелеген үйде мал сойып, оның етін базарда сатуға заң бойынша тыйым салу керек дейді. Дәл осындай санитарлық талаптар сақталмай сойылған мал етінен түрлі жұқпалы ауру анықталып, ет нарығына қауіп төндіруде деп шырылдайды шаруалар. Сондықтан кәсіпкерлер ветеринарлық тексеруді күшейтуді талап етуде. Ал, елімізде мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алып, 12 мың шаруа қожалығы ашылған. Олар тек экспорт арқылы табыс табады. Отандық етке әсіресе, Ресей, Қытай мен Ираннан сұраныс жоғары екен. Бірақ соңғы кезде елімізде малдан қайта-қайта түрлі дерт анықталуына байланысты бұл мемлекеттер бізден ет сатып алудан бас тартып отыр. Жалпы, биыл еліміз 60 мың тонна ет экспорттауы керек еді. Өкінішке қарай кәсіпкерлер бұл жоспарды орындай алмайтын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!