{metadescription}
Алматы облысына әскерге барған маңғыстаулық жігітті қатарластары ұрып өлтірді
Алматы облысына әскерге барған маңғыстаулық жігітті қатарластары ұрып өлтірді

Алматы облысына әскерге барған маңғыстаулық жігітті қатарластары ұрып өлтірді

Бейбіт күнде тағы бір сарбаз үйіне табытпен оралды! Алматы облысында борышын өтеп жатқан Даниел Сайфуллин өз қатарластарының қолынан өлген. Әлімжеттік көрсеткер сарбаздар оны тапа-тал түсте өлімші етіп сабапты. 18 жастағы марқұм әскер қатарына Маңғыстау облысынан мамыр айында шақырылған екен. Отан алдында ант қабылдағаннан кейін, небәрі 2 апта қызмет етіп үлгерді. Ұлынан айырылған ата-ана енді қылмыскерлермен қатар, әскери бөлімнің командирлерін қатаң жазалауды талап етіп отыр.

Даниелді отан алдындағы борышын өтеуге ауылдастары бірер ай бұрын шығарып салған. Енді, міне көпшілік марқұмды ақтық сапарға да бірге аттандыруда. Қаралы хабар Сайфуллиндер отбасына бірер күн бұрын жеткен. 18 жастағы сарбаздың өз қатарластарының аяусыз соққысынан көз жұмғанын әскери комиссариаттан келген қызметкерлер жеткізіпті.

Сайфуллин әскер қатарына мамырда шақырылған. Кейін Алматы облысы Сарыөзектегі артиллериялық бөлімге жіберілген екен. Әскерилер алғашқыда бұл бөлімде әлімжеттік атымен жоқ деп сендіріпті. Сарбаздың өзі де бұған дейін ешқандай шағым айтпаған. Отан алдындағы борышын өтеуге де өзі сұранған көрінеді. Ол ант қабылдағаннан кейін, араға бар-жоғы 2 апта салып қаза тауып отыр.

Инга Сайфуллина, Даниел Сайфуллиннің анасы:

- Әскердегі екі қызметтесі тапа-тал түсте өлімші етіп сабаған.Балама жабық бас сүйек-ми зақымы деген диагноз қойылды. Басындағы тамыры үзіліп кеткен. Дәрігерлер оған ешқандай көмек бере алмады.

Жантүршігерлік жағдай әскери бөлімнің аумағында болған. Даниелді командирлер су әкелуге кетіп, уақытынан кешіккен жігіттерді шақыруға жұмсаған екен. Жолшыбай сондағы қойманы күзеткен сарбаздар ұрыпты.

Инга Сайфуллина, Даниел Сайфуллиннің анасы:

- Даниел жүгіріп барып, жігіттерді шақыра бастаған. «Тезірек болыңдар, сендерді командир шақырып жатыр» деген екен. Ал, оларға бұл ұнамаса керек, алдымен дөрекі сөздер айтып, артынша баламның басынан екі рет ұрған. Болды. Сол соққыдан ұлым көз жұмып отыр.

Әлімжеттік көрсеткендердің қолына бірден кісен салынды. Екеуі де әскерге Даниелден бірнеше айға ерте қабылданған екен. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал, сарбаздың өмірін қыршыннан қиған әскери бөлімнің өзінде тексеру басталған.

Ситек Шамшырақов, Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі уақытта өзінің 2 қызметтесі  қамауға алынған. Оларда әскерге шақыртылған жігіттер.  Тергеушілер жұмыс істеп жатыр.

Ал, қара жамылған ата-ана баласын өлтірген сарбаз ғана емес, оларды қадағаламаған әскери бөлімнің командирлері де жазаға тартылса дейді. Айта кетсек, бұл соңғы екі айда әскерден үйіне өлігі қайтқан екінші сарбаз. Бірнеше апта бұрын, Ақмола облысында 21 жастағы Саян Сатыбаев да көз жұмған болатын. Ресми мәлімет бойынша, сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Бірақ, марқұмның ата-анасы бұған сенген жоқ. Себебі, оның денесінен соққының іздері табылған еді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде