Елімізде дизель отынының тек талонмен сатылуы үлкен дау туғызды
Елімізде дизель отынының тапшылығы сезілуде. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен облысында және Орал өңірінде жанармайдың бұл түрі тек талон арқылы беріліп жатыр. Яғни, ең ірі деген жанармай бекеттері үш күннен бері дизельді қолма-қол ақшамен сатуды тоқтатқан. Сондықтан жақында оның бағасы көтерілуі мүмкін. Алайда Энергетика министрлігі әзірге ешқандай да сұйық отын тапшылығы жоқ деп сендіруде.
Автор: Диас Нұрақын
15.07.2016
Дизель отынын іздеген Алматылық жүргізушілер бірнеше күннен бері жанармай бекеттерін жағалап жүр. Бірақ барлық жерде жауап бірдей. Көлік отынының бұл түрі тек талон арқылы беріледі. Яғни соңғы бір аптада еліміздің бірқатар өңірлеріндегі ең ірі деген жанармай бекеттері дизель отынын қолма-қол ақшаға сатуды мүлдем тоқтатқан.
Жанармай тапшылығынан, әсіресе, шаруалардың жұмысы шатқаяқтап тұр. Өйткені қыстық жем-шөбін әзірлейтін науқанда техникалары тұралап қалған. Қарапайым жүргізушілер де көліктеріне құятын дизель таппай сенделуде. Тіпті Оралдың тұрғындары сұйық отын тапшылығын бір аптадан бері сезіне бастадық дейді.
Артем Рожков, жүргізуші:
-Таң атқалы үш жанармай бекетін шарлап шықтым еш жерде дизель жоқ. Барлығы тек талонмен береміз дейді. Не жағдай болып жатқанын түсінбедік. Мүмкін бағаны көтергілері келетін шығар.
Бағаның көтерілетінін кәсіпкерлер де жоққа шығармайды. Себебі өңірдегі жанармай бекеттеріне дизель жеткізілмегелі 20 күннен асыпты. Яғни оны көтерме бағамен сатушылар өнімнің қымбаттауын күтіп отырған көрінеді.
Николай Фролов, ЖШС директорының орынбасары:
-Біз дизельді Атырау мұнай зауытынан аламыз. Алайда оны жеткізушілер 20 күннен бері бізге жанармай әкелуін тоқтатты. Айтуларынша Үкімет дизель отынын қымбаттатады немесе бағаны еркін айналымға жібереді дейді. Ал біз қоймадағы барлық дизельді сатып бітірдік. Сондықтан алдына-ала ақшасы төленіп қойған компанияларға тек талонмен беріп жатырмыз.
Алайда еліміздің Энергетика министрлігі бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Яғни шенеуніктер дизельдің тек талонмен берілуін түсіндіре алмай отыр.
Асқар Жалдинов, ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Не себепті екенін әзірше білмейміз. Келесі аптада бәрін анықтап алғаннан кейін жауап береміз. Біздің мәліметімізге қарағанда дизель барлық өңірде жеткілікті. Соның ішінде Алматы қаласында 10 мың тоннадай дизельдік отын бар екені жөнінде мәлімет бар.
Енді бұл мәселемен монополияға қарсы комитет айналысуы тиіс. Яғни кәсіпкерлердің тапшылықты қолдан жасағаны анықталса жанармай бекеттерінің қожайындарына ірі көлемде айыппұл салынбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!