Консулдар Ниццадағы Қазақстан азаматтарын дереу түгендеуге кірісті
Әлем назары тағы да Францияға ауды! Ел халқы мейрамдатып жатқанда Ницца қаласында лаңкестік шабуыл жасалды. Жүк көлігін тізгіндеген 31 жастағы қаскөй халық көп шоғырланған жағалауға баса көктеп кіріп, отшашу тамашалауға келген адамдарды жайпап өткен. Соның салдарынан 84 адам қаза тапты. Ал қанды оқиға үшін жауапкершілікті ДАИШ ұйымы мойнына алып отыр. Қазір Франция президенті жан-жақтан көңіл айту хаттарын қабылдауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Франсуа Олландқа жеделхат жолдады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.07.2016
Қанды оқиға Францияның ұлттық мейрамы – Бастилияны алу күнінде болды. Мыңдаған тұрғын жағалауға отшашу тамашалауға барған. Сол сәтте жүк көлігін тізгіндеген лаңкес жиналғандардың ортасына баса-көктеп кіріп, жұртты жайпап өткен. Соның салдарынан 84 адам көз жұмып, 20-ға жуығы ауыр халде ауруханада жеткізілді. Тағы мыңдаған тұрғын зардап шеккен.
Фрэнк Сидоли, оқиға куәгері:
- Құтқарушылар жарты сағаттан кейін бір-ақ келді. Жүк көлігі қатты жылдамдықпен жұрттың бәрін қағып өтті. Бәрін. Біз өзіміз қашып, сақтық шараларын жасадық. Кейін атылған оқтың дауысын естідік.
Полицейлер лаңкестік әрекетті қаскөйдің өзіне оқ атып барып тоқтатқан. Кейін 25 тонналық жүк көлігінің ішінен қаптаған қару-жарақ пен жарылғыш заттар табылды. Ал лаңкестің 31 жастағы тунистік азамат екені анықталды. Бұл оқиға үшін жауапкершілікті ДАИШ мойнына алған. Ал Франция президенті бұл әрекетті нағыз лаңкестік деп отыр.
Франсуа Олланд, Франция президенті:
- Франция ұлттық мерекеде соққы алды. Бірақ Франция мықты болады. Біз лаңкестерден де күшті боламыз! Елімізге шабуыл жасап, халықтың тынышын қашырған Сирия мен Иракқа соққыларымызды күшейтеміз.
Ал еліміздің сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қаза тапқан қазақстандықтардың жоғын жеткізді. Алайда Ниццадағы терактіні 4 отандасымыз өз көздерімен көріпті. Тіпті Францияға саяхаттап барған жерлестеріміздің бірі лаңкестің жүк көлігінің астында қалып қоя жаздаған.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Сол жерде 4 Қазақстан азаматы болған. Олар бүгін түнде Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласып көмек сұраған. Оларға тиісті қауіпсіздік шаралары сақтау бойынша нұсқаулар, ұсынымдар берілді.
Қара жамылған елде Париждегі терактіден соң жарияланған төтенше жағдайдың мерзімі тағы 3 айға ұзартылды. Бұған қоса, мына жағдайдан кейін 3 тәулікке аза тұту күні жарияланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!