Лаңкес атыстан кейін автоматын асынып, Алматы көшелерімен жайбарақат жүрген
Лаңкес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына шабуыл жасап, полицейлер мен бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырған. Тіпті атыстан кейін қаша жөнелмей, автоматын асынып көше бойымен жайбарақат жүріпті.
Автор: Олжас Байжан
18.07.2016
Бірінші шабуылдан соң араға 14 минут салып, оның сыбайласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына шабуыл жасаған. Осы жерде қарулы қаскөй 3 полицейге оқ атыпты. Оның бірі басына жараланып, тура оқиға орнында жан тапсырды. Қалған екеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Ал қаскөйдің өзі бұдан кейін қаша жөнелмей, қаруын асынған күйі көшемен жайбарақат жерген.
Ольга Осипова, оқиға куәгері:
-Ол қашқан жоқ. «Телефондарыңды алыңдар», әйтпесе «өлтірем» деді. Атылған оқтың даусын ғана естідік.
Қарулы адам тіпті көше ортасында көліктерді тоқтатпақ болыпты. Тура осы сәт темір тұлпарлардың бірінде орнатылған бейнетіркеуішке түсіп қалған.
-Ақылыңнан алжасқансың ба?
Осыдан соң Абай даңғылының бойына шыққан ол алысқа бармай-ақ Мұқанов көшесінің қиылысында көліктердің бірін тоқтатып, онымен жасырынбақ болған екен. Бірақ Тойота Камри жүргізуші қарсылық танытып, сол жерге оққа ұшты. Сөйтіп қылмыскер қара түсті Лада Приораға мініп, онысын ірі сауда үйінің жанында тастап кеткен.
Шаубылдар легі бұнымен тоқтаған жоқ. Полицейлердің барлығы көшеге шыққан кезде велосипед мінген жігіт кезекшіліктегі 3 тәртіп сақшысына пышақ ала жүгірген. Абырой болғанда полицейлер дер кезінде әрекет етіп, оны құрықтады. Жеке заттарын тексеру кезінде оның қалтасынан араб жазуы бар бір жапырақ қағаз бен жеке куәлігі табылды.
Ал осы кезде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарап, жұртты дүрліктірді. Мәселен, желі қолданушылары сауда үйлерінің бірінде содырлар тұтқынға 6 адамды алды және Жұлдыз ықшамауданында жүзге тарта қарулы адамның қала орталығына бет алғаны жайлы жарыса жазған. Ал теміржол вокзалында бомба қойылды, кейін өрт шықты деген дақпырт әңгімелер де тарады. Бірақ ешқайсы расталған жоқ.
Ольга Атамова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Біз базарға бармақ болғанбыз. Бірақ автобус жүргізушісі ары қарай бармаймын деп, 4 аялдама бұрын түсіріп кетті. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығы да, базардың да жабық екенін көрдік. Жұрттың барлығы қорқып вокзалдан кетіп жатыр. Ешкім ештеңені түсіндірген емес.
Ал тағы бір ақпарат бойынша тапанша ұстаған 3 жігіт Ұлттық гвардия бөлімшесінің маңында атыс ұйымдастырған. Полицейлер оқиға орнын қоршап, тірі жанды жақындатқан жоқ. Әскери бөлімнің қызметкерлері де жұмыс орнына кіре алмай, оны айналшақтап жүруіне тура келді. Осы жағдайға орай мемлекеттік мекемелердің бірқатары, ірі сауда үйлері мен қару жарақ дүкендерінің бәрінің есігіне құлпы ілініп, күзет күшейтілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!