{metadescription}
Алматыда шабуылдың барлығын бір адам жасаған
Алматыда шабуылдың барлығын бір адам жасаған

Алматыда шабуылдың барлығын бір адам жасаған

Алматыдағы атыста қаза тапқандардың аты-жөндері белгілі болды. Лаңкестердің қолынан оққа ұшқандардың ең жасы небәрі 22-де. Соңғы мәліметтер бойынша 8 адам көз жұмған. Тағы 8-і ауруханада жатыр. Құзырлы орган қызметкерлеріне қарсы жасалған қарулы шабуылдардан кейін қалада жаппай құрықтау шарасы басталды. Әзірге, радикалдарға қатысы бар болуы мүмкін делінген 10 шақты адамның ұсталғаны мәлім. Сондай-ақ қару кезенген лаңкестерді де күш құрылымдары алысқа ұзатпай қолдарына кісен салды. Бүгін Алматының Ішкі Істер департаменті терактіні жалғыз адамның жасағанын мәлімдеді.

Атыс осы Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінен басталған. «Ауди» маркілі сұр көлікпен келген қаскөй қарумен ішке баса көктеп кіріп, табалдырықтағы кезекшіні жайратып салған.

-Кезекші полицейден қаруын тартып алды. Кейін атып тастады.

Жұрттың көзінше полицейді атып түсірген қаскөй тағы бірнеше қызметкерді жаралаған. Әрі олардың қолындағы қолындағы автоматты да іле кетіпті. Артынша бөлімшенің алдында сыбайласы екеуі 7 мәрте аспанға оқ атқан. Қарудың даусынан жұрт әбден шошынып қалған.

Света Кемелова, оқиға куәгері:

-Тасыр-тұсыр етті. Елдің бәрі былай қарай жүгірді. Сөйтіп, ана жерден біреу қара автомат ұстап әрі қарай кетіп бара жатты. «Никольский» базарға қарай.

Қаруланған қылмыскер әрі қарай жаяу Байтұрсынов көшесіне қарай бағыт алған. Бұл кезде сыбайласы Байтұрсынов пен Жамбыл көшелерінің қиылысында «Калашников» қаруынан қарашаға оқ жаудырып жатты. Ал полиция бөлімшесінде ойран салған қаскөй Абылайхан-Қазыбек би көшелерінің қиылысында қолға түсті.      

Қандықол қылмыскер Қызылорда облысының тумасы. 27 жастағы жігіт күні кеше ғана туған жерінде кісі өлтіріп, Алматыға қашып келген беті екен.  

Олег Иващенко, ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті директорының орынбасары:

-Қылмыскердің аты-жөні анықталды. 27 жастағы бұрын сотталған Қызылорда облысының тумасы. Бұған қоса ол өткен демалыста тағы бір әйел адамды өлтірді деген күдік бар. Қазір қолға түскен қылмыскердің сыбайластарын іздестіру үшін Алматы қаласында полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Күндізгі оннан басталған атыс-шабыс күллі Алматыны дүр сілкіндірді. Өліп жатқан полиция қызметкерлері, қызылала болған қала көшелері тұрғындардың зәресін алған. Ал қаскөйлердің қолынан қаза тапқандардың «қара тізімін» құзырлы органдар бірер сағат бұрын жария қылды.

Сатықұлов К. 45 жаста, басына оқ тиген.

Галиев А. 41 жаста. Ішіне оқ тиген.

Сиқымбаев. 22 жаста. Кеудесіне оқ тиген.      

Нұрмаханбетов Б. 28 жаста. Мойнына оқ тиген.

Сәлімбаев. 40 жаста. Мойнына оқ тиген.

Медеубаев. Бірнеше жеріне оқ тиген.       

Екі мәйіттің аты-жөні әлі анықталған жоқ. Төтенше оқиғадан соң қалада «террористік қауіптің қызыл деңгейі» жарияланып, жаппай құрықтау шаралары басталды. Тәртіп сақшылары күдік тудырғандарды бірінен соң бірін ұстап жатыр.       

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде