Алматыдағы қанды қырғыннан соң полицейлерді жаппай тексеріс күтіп тұр
Ішкі істер министрі жыл соңына дейін қарамағындағы мыңдаған сақшының дайындығынан бастап, күйзеліске бейімділігін бастан-аяқ тексергелі жатыр. Себебі, тұрғындарды айтпағанда өздерін қорғай алмай жатқан полицейлердің ширақ әрекет ете алмауы жайында көп пікірлер айтылуда. Ал, шетелдерде террористік топтың қатарында соғысып жүрген жерлестеріміз мүлдем азаматтығынан айырылып, елге оралуына тыйым салынуы мүмкін. Тіпті қажылыққа кеткендерді де қатаң бақылауға алу ұсынылды.
Автор: Жәудір Оразхан
19.07.2016
Бүгін премьер Кәрім Мәсімов қарамағындағы министрлерді түгел жинап, елдегі қауіпсіздікті күшейту үшін шұғыл атқарылуы тиіс шаралардың тізімін жасады. Алматыда қандықол қаскөй жалғыз өзі полицейлерді қырып салғандықтан, ең алдымен Ішкі істер министрі қарамағындағы сақшыларды жаппай тексеріп шықпақ.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жыл соңына дейін аймақтарға шығып, полицейлер мен ұлттық ұланның әскери дайындығын, психологиялық тұрғыдан тұрақтылығын тексереміз. Жеке құрамның қызметтік, әскери әзірлігімен айналысатын орталық құрылады.
Бұған қоса Қасымов азаматтарды саусақ ізі арқылы тіркеуге алу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр екен. Жаңа құжатты күзде парламентке таныстырмақ. Сондай-ақ, бас полицей шетелдерде террористік топтың қатарында соғысып жүрген отандастарымызды азаматтығынан айыру, олардың елге қайта оралуына заңмен тыйым салуы да ұсынды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жазалауды күшейткелі жатыр.
Владимир Жұмақанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Біріншіден, елімізде экстремистік және террористік әрекетке барғандарды бас бостандығынан айыру мерзімі ұзартылады. Бар мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ, күзет компаниялары да қорғауындағы мекемеге лаңкестерден қауіп төнсе, заң алдында жауап береді.
Енді кез-келген діни кітап басатын баспалар да тыңғылықты сараптамадан өтуі тиіс. Бұрын мұндай талап тек шетелден келетін оқулықтарға қойылатын. Ал, шекарадан әр адам діни әдебиеттің бір данасын ғана кіргізе алады. Мәдениет министрі тіпті бес парызын өтеу үшін Меккеге аттанғандарды да қатаң бақылауға алайық деген ұсыныс жасады.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Туризм туралы заңға өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Яғни, шетелдерге діни қажылық жасауға кеткен қазақстандықтарды жүйелі түрде бақылауда ұстау керек. Сол арқылы біз отандастарымыздың жат діннің жетегінде кетуінен сақтаймыз.
2020 жылға қарай барлық әуежай мен вокзалдарға жолаушыларды тексеруден өткізетін жаңа құрылғылар қойылады. Қазірдің өзінде 20 әуежайға техника сатып алу үшін қаржы қарастырылып қойыпты. Премьер сойқаннан жұрты енді есін жиып жатқан Алматы әкіміне де жеке тапсырмалар берді.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
-Алматы әкіміне тиісті органдармен бірлесіп, қаладағы басты әлеуметтік мәселелерді, жастар арасындағы жұмыссыздықты шешуді және діни қауіпті сейілтуді тапсырамын. Экстремизмге, қылмысқа қарсы шараларды күшейтіңдер.
Айтпақшы, Алматы әкімі терактіден кейін бүгін төбе көрсетті. Бауыржан Байбектің үнсіз қалуын Үкімет отырысында Ішкі Істер министрі түсіндіруге тырысты. Бір-біріне жиі телефон соққанын айтқан Қасымов арнайы қызмет антитеррорлық операция жүргізіп жатқанда, оған әкімнің араласуы міндетті емес деп отыр. Сондай-ақ еліміздің бас полицейі лаңкестік кезінде жұртты дүрліктіріп жалған ақпарат таратқандар анықталып, дерек бойынша қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!