24 минуттың ішінде Алматыда сойқан салған лаңкес судьялар мен прокурорлардан кек алмақ болған
Алматыдағы қанды оқиғаны жалғыз адам жасаған. Осылай деген Ішкі істер министрі оқиғаның қалай өрбігенін бастан-аяқ баяндады. Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, бір күн бұрын ғана Өзбекстаннан келген жеңіл жүрісті қызды қонақ үйде атып өлтірген Руслан Күлікбаев қашып құтыла алмасын біліп, полицейлерге қасақана шабуыл жасапты. Ал негізінде, бұрын екі рет істі болған лаңкес судьялар мен прокурорлардан кек алуды көптен жоспарлаған екен.
Автор: Олжас Байжан
19.07.2016
Сөйтіп, аудандық сот ғимарат көздеген ол кейін ойынан аяқасты айнып, 200 метрдей жердегі ішкі істер бөліміне баса көктеп кіріпті. Кезекшілікте тұрған полицейге тапаншамен екі мәрте оқ атқан. Осыдан соң автоматын иемденіп, ғимаратқа оқ жаудырыпты. Осы сәтте тағы 3 полицей мен 1 бейбіт тұрғын жарақат алған. Кейін жол үстіндегі көліктердің бірін тоқтатып, қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарай жүріпті. Қарсы алдынан шыққан полиция экипажына оқ атқан Күлікбаев тағы 2 тәртіп сақшысын жаралаған. Атыса жүріп тағы патрульдік полициясының екі қызметкерін жайратқан. Бірі тура сол жерде жан тапсырса, екіншісі ауыр жараланған еді. Іле-шала ізін суыту үшін рөлінде шекара қызметінің офицері отырған Тойота камри көлігін тартып алмақ болған екен. Бірақ тізгінді оңай бермесін түсініп, шекарашыны сол жерде жер жастандырыпты. Атыс кезінде оқ сол маңдағы тұрғынның біріне тиген. Ары қарай лаңкес қару кезенген күйі «Лада» көлігін тартып алып, қашқан. Бірақ Абылай хан даңғылының бойында тәртіп сақшылары тоқтатады. Бұл жерде тағы 3 полицей оққа ұшып, бес жерінен жарақаттанған лаңкестің өзі ақыры қолға түскен еді. Осы әрекеттердің барлығын жасауға оған небәрі 24 минут жеткілікті болған.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Мен өз әріптестерім үшін намыстанбаймын. Олар қару асынған азаматты көріп, оның жолын бөгемек болды. Барлығы соққыны өзіне қабылдап, лаңкесті тоқтатуға әрекет жасады. Сағат 10:54-те алғашқы оқ атылып, 11:19 –да оның қолына кісен салынды. Күлікбаев екі рет істі болғаны үшін полицейлерден кек алмақ болыпты. Өз әрекеттерін ол осымен түсіндіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!