Қазақстан түрмелерінде радикалдар жоқ деген комитет төрағасының сөзі күдік туғызды
Террористер түрмеде жатып-ақ қатарын көбейтуде. Өйткені, қазір экстремизм үшін істі болғандардар өзге қылмыскерлермен бір камерада жазасын өтеп жатыр. Жат ағымның жетегінде кеткендер абақтыда да тыныш жатпай, жасырын үгіт-насихат жүргізіп, жанындағыларын дінінен адастырады екен. Арбауға көбіне жастар мен психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдар түсіп қалады. Сондайлардың бірі - Алматыда атыс жасаған Руслан Күлікбаев. Абақтыда салафиттермен байланысқан ол бостандыққа шыққан соң теракт жасаған.
Автор: Жәудір Оразхан
21.07.2016
Қазір еліміздегі түрмелерде 500-ге жуық террорист жазасын өтеп жатыр. Олардың әр жылы болған терактілерге қатысы бар. Бас прокуратураның мәліметінше, тек биыл 40-қа жуық адам терроризм бабы бойынша сотталыпты. Көбі Сирия мен Украинадағы соғысқа қатысқан. Дінінен адасқандар абақтыда да тыныш жатқан жоқ. Жан-жағындағыларға жасырын үгіт-насихат жүргізіп, өзгелердің де санасын улауда. Мәселен, екі рет сотталып, жазасын өтеп шыққан Руслан Күлікбаев та түрмеде салафиттермен тығыз қарым-қатынаста болған екен.
Владимир Жұмақанов, ҚР ҰҚК төрағасы:
-Күлікбаев Руслан Алпысбайұлы 11 маусым 1990 жылы туған. Қызылорда облысының тумасы. Түрмеде салафиттермен байланысқан. Қазір тексеріп жатырмыз.
Дегенмен, Ішкі істер министрлігі өздеріне шаң жуытқысы жоқ. Түрмедегі өзге қылмыскерлермен бірге жазасын өтеп жатқан террористерді жіті бақылауда ұстап отырмыз дейді олар.
Мейрам Аюбаев, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары:
-Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп кешенді жұмыстар жүргіземіз. Терроризм мен экстремизм үшін сотталғандармен жеке-жеке сөйлесеміз. Түрмеге теологтар да келеді. Сондықтан адам түрмеден сектант болып шықты дегенге сенбеймін.
Алайда, бұдан еш нәтиже жоқ. Әсіре діншілдер көзге түспеуге тырысады, асханада, көршісімен жалғыз қалғанда, түнде насихат жүргізеді екен. Кейін қашып шығудың жоспарын құрады. Осыдан алты жыл бұрын Ақтаудағы түрмеден адам өлтіргені үшін сотталған 20 сотталушы қашып, 7-уі сол жерде күзетшілердің қолынан қаза тапқан еді. Қалғаны Қызылсай шатқалынан табылды. Тағы бір тобы өз-өздерін өртеп жіберген болатын. Арада жыл өткен соң Балқаштағы түрмеден де мұздай қаруланып қашпақ болған 16 адамның көзі жойылды. Атыс кезінде түрменің бір қызметкері оққа ұшты. Қылмыскерлердің кейін түрмеде дін жолында жүргені анықталған болатын.
Елімізде былтыр 16 мың адам жазасын өтеп, бостандыққа шығыпты. Оның 700-і терроризм бабы бойынша сотталғандар. Ішкі істер министрлігі жазасын өтеушілер екінші рет қылмыс жасамау үшін пробация яғни абақтыдан кейін өмірге бейімдеу туралы арнайы заң жобасын жазып шығыпты. Оны күзде парламентке таныстырмақ. Жаңа құжат қабылданса, қылмыскерлерге бостандыққа шыққанда әлеуметтік жағдай жасалады, тіпті жұмыс та тауып бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!