Алматыда ауруханадан шыққан жаралы полицей тездетіп жұмысқа шыққысы келеді
Алматыда лаңкестің қолынан жараланған полицейлердің бірі бүгін ауруханадан шықты. Иығына оқ тиген жол патрульдік полицияның қызметкері Мұрат Балтабек операциядан соң жансақтау бөліміне түсіп, кейін палатаға ауыстырылған екен. Қалған емді үйінде жалғастыруға болады деп шешіпті дәрігерлер. Беті бері қараған тағы бір полицей жақында үйіне жіберілмек. Ал қалған екеуі әлі ес-түссіз жатыр.
Автор: Олжас Байжан
25.07.2016
Бір апта бұрын қаланы қызыл қанға бояп, оңды-солды оқ жаудырған лаңкестің жолын бөгемек болған тәртіп сақшыларының бірі осы. Мұрат Балтабек қаскөйді тоқтатпақ болғанда оң иығынан жараланған. Қансыраған жігіт дереу ауруханаға жеткізіліп, операция жасалыпты. Соның арқасында, бір апта өтер өтпестен беті бері қарап, дәрігерлер үйіне жіберіп отыр.
Серік Тілеуов, хирург:
– Қазір денсаулығына төнетін қауіп-қатер жоқ. Барлығы жақсы, барлығы дұрыс. Операциядан кейін бір апта бойы ем алды. Үйге шығарылғаннан кейін де біз өзіміз бақылаймыз. 1-2 ай ауыр көтеруге біз шектеу қоямыз. Өзінің режимі болады, таңуға бізге келіп тұрады.
Алдағы 1-2 айда өзін күтінген жағдайда тәртіп сақшысы қайтадан қатарға қосылмақ.
Мұрат Балтабек, Жол патрульдік полицияның қызметкері
– Көңіл-күйім жақсы, барлығы жақсы. Осы аурухананың дәрігерлеріне рахмет. Полиция қызметкерлеріне рахмет. Осындағы полиция қызметкерлері аман-есен жазылып кетсін. Бұйыртса жазылсақ жұмысқа шығамын. Қазақстан Республикасына қызмет етеміз.
Ал жедел жәрдем ауруханасында тағы 3 полицей қалды. Бірінің беті қарап, жақын күндері хирургия бөліміне ауыстырылмақ. Ал тағы екі тәртіп сақшысы жасалған күрделі операциялардан соң әлі есін жимаған. Естеріңізге салсақ, өткен дүйсенбіде Руслан Күлікбаев деген лаңкес Алматы аудандық Ішкі істер бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратына шабыл жасап, 6 адамды жер жастандырған болатын. Тағы алтауы жараланып, ауруханаға түсті. Жапа шеккендердің түгелге жуығы полицейлер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!