Ақтөбе облысында жауыннан тұтас бір ауданда төтенше жағдай жариялауға тура келді
Екі тәулік бойы толастамаған нөсерден Қандыағаш қаласындағы ондаған үй, мектеп пен балабақшаны су басып қалған. Тіпті қаланың қақ ортасындағы қос бірдей өткел шелектеп жауған жауынға шыдамай опырылыпты. Енді шенеуніктер келген шығынды есептеп әлекке түсіп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
25.07.2016
Қандыағаш қаласының тұрғыны Бауыржан Тәжібаев сыз тартқан еденін ашып, кептіріп әлек. Түн жарымында шелектеп жауған жауынның кесірінен үйін айналдырған жарты сағаттың ішінде су басқан. Жүкті әйелі мен екі бөбегін құтқарушылар белуардан келетін судан қайықпен көшірсе, мүгедек әкесін арқалап шығарыпты.
Бауыржан Тәжібаев, Қандыағаш қаласының тұрғыны:
-Көмек сұрадым. Түнде келіп, отбасымды кемпингке апарды. Сонда қонып шықтық .
Бауыржанмен көршілес он шақты үйдің тұрғындары да уақытша көшірілді. Ал сол маңдағы гимназияның төбесінен сорғалағалап кеткен. Енді демалыстағы мұғалімдері келіп жинастырып жатыр. Жертөлесіндегі ылғалды қанша сорғызса да деңгейі түспей тұр.
Есенбай Мұхамбетқалиев, мектеп директорының орынбасары:
-Күрделі жөндеу жүріп жатыр. Төбесі ескірген. Ауыстыру қажет. Бәленбай жыл болды.
Нөсердің кесерінен балабақша да жұмыс істемейді. Өйткені мұнда да жертөлесі мен бірінші қабатты су басыпты. Қазір жұмысшылары мотор сатып алып, сорғызып жатыр.
Базар Алдамжарова, балабақша меңгерушісі:
-Осы жауынның әсері, судың көтерілуі балаларға әсерін тигізеді деген оймен балаларды қабылдамай жатырмыз. Жол қатынасы да кішкене қиындық туғызып тұр ата-аналарға. Екіншіден судың көтерілуі қиындық туғызды.
Қазір Қандығашта такси жүргізушілерінің дәурені жүріп тұр. Қаладағы қос өткелді су шайып, жұрт арғы бетке қатынау үшін соларға жалынады.
-Су өткеленің үстіндегі мына жол өткен жылы ғана жөндеуден өткен еді. Кешегі нөсер кезінде опырылып түскен. Енді қаланың екінші бөлігіне бару үшін көліктер аудан орталығын айналып өтуге мәжбүр.
Шелектеп жауған жауыннан шенеуніктер де кабинеттерінен шыға алмай қалғандарын айтады. Тіпті аудан әкімінің өзі кабинетін құрағата алмай әлекке түсіпті. Енді төтенше жағдай жариялап, шығынды есептеп жүр.
Ербол Данағұлов, Мұғалжар ауданының әкімі:
-Шығынды есептеп жатырмыз. Қазір әр үйге комиссия жіберіп жатырмыз. Қатты суға кетті деген үйлердің шығынын шығарамыз. Екі көпірді жөндеуге керек шығынды облыстан бөлу керек.
Жергілікті тұрғындар бұрын соңды мұндай нөсерді көрмегендерін айтады. Тіпті көктемгі тасқын кезінде бұлай әбігерге түспедік деп отыр. Ал синоптиктер апта соңына дейін Ақтөбе облысында жауын болады,-дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!