Алматы тұрғындары жертөлеге саңырауқұлақ өсірген кәсіпкермен дауласып жүр
Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары улы газға тұншығып отырмыз деп шу шығарды. Себебі Көкжиек ықшамауданындағы бес қабатты үйдің жертөлесіне бір кәсіпкер саңырауқұлақ өсіре бастаған. Ал одан бөлінетін иіс аулаға тарап жатқан көрінеді. Бүтін бір үйдің тұрғындары жиналып тиісті мекемелердің бәріне шағым жазған екен. Алайда жертөлені жекешелендіріп алған кәсіпкерге ешкімнің тісі батпай отыр.
Автор: Диас Нұрақын
26.07.2016
Осылай ұрандатқан Көк жиектің тұрғындары бүгін өз аулаларында кішігірім митинг өткізді. Себебі екі жылдан бері бес қабатты үйдің жертөлесіне бір кәсіпкер саңырауқұлақ өсіруды қолға алған. Содан бері тынысымыз тарылып, улы иіске тұншыға бастадық дейді тұрғындар. Яғни жертөледегі жылыжайдан шығатын ауа қалдықтары аулаға тарап жатыр екен.
Қайрат Иманбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-Мына мұржа жертөледен шығып тұр. Саңырауқұлақ өсіріп жатыр. Түнгі 2-ден таңғы 5-ке дейін қалдықтарын шығарады. Улы химикат шығаратын зауыт сияқты.
Аңқаны ашытатын ащы иістен бөлек баспаналарды құрт-құмырсқа басып кеткен. Яғни саңырауқұлақ тек ылғалда өсетін болғандықтан, жәндіктер де өріп жүр дейді жиналғандар. Осыны айтып тұрғындар талай табалдырықты тоздырған екен. Алайда саңырауқұлақ өсірушіге ешкімнің тісі батпапты.
Гүлжәмилә Иманбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Міне СЭС-тің қағазы бар. Жертөледе саңырақұлақ өсіруге болмайды деген. Жертөлені қалай алғаны белгісіз. Бизнесін жасай берсін. Бізге саңырауқұлақтың керегі жоқ.
Алайда тұрғындар қанша қарсы болғанымен баспаналарының астында саңырауқұлақтар самсып тұр. Яғни жертөлені төрт жыл бұрын сатып алған азамат жөндеу жұмыстарын жүргізіп, саңырауқұлақ өсіретін арнайы қондырғылармен жабдықтапты. Тіпті тиісті рұқсат қағаздары да бар. Сондықтан өз меншігіндегі жертөлені саңырауқұлақ өсірумен айналысатын басқа бір компанияға жалға беріп отырмын дейді.
Алексей Чернобиль, кәсіпкер:
-Қандай бір кәсіп ашу үшін тұрғындардың рұқсаты керек деген заң жоқ. Мен жертөледе саңырауқұлақ өсіруді қолға алмас бұрын барлық заңдарды оқып шықтым. Тұрғын үйдің астында саңырауқұлақ өсіру зиянды еместігіне көз жеткізіп, рұқсат алғасын ғана жертөлені жалға бердім. Қазір мұнда бір компания осы кәсіпті бастады. Өздеріңіз көріп тұрғандай ешқандай ылғал немесе бөтен иіс жоқ.
Десе де жертөле қожайыны тұрғындардың наразылығынан кейін арнайы мамандарды жалдап, ауаға тарайтын иістің зияндылығын тексеріп көрмекші. Бірақ саңырауқұлақ шаруашылығын тоқтатпақ емес. Өйткені алдағы он күнде алғашқы өнімді жинап, сатылымға шығарғалы отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!