Ақтөбеде тәртіп сақшылары борышкерлерді жол бойында жаппай ұстап жатыр
Әсіресе, алименттен жалтарып, несие мен айыппұлды жылдар бойы өтемеген жүргізушілер уақытша болса да көліктерінен айырылуда. Өйткені, қарызын өтемейінше, олардың темір тұлпарлары айыппұл тұрағында болады. Дегенмен, ұсталған борышкерлердің барлығы дерлік кінәсін мойындамай түлкі бұлаңға салады. Айыппұл үстіне айыппұл арқалағандармен Жаңалық Ахаш тілдесіп, олардың не үшін қашып жүргенін түсінуге тырысты.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.07.2016
Таңнан бері тәртіп сақшыларында тыныштық жоқ. Басшыларынан қара түсті көлікті белгісіз біреудің ұрлап кеткені туралы хабарлама түскен. Соңдарынан қуып жеткенде, көлік тізгіндеген жігіт қарсылық көрсетпей бірден берілді.
Ұсталған бұл жүргізушінің еш кінәсі жоқ екен. Енді ай сайын жол сақшыларының қырағылығын байқау үшін басшылары осылай төтеннен сынауға көшіпті. Бірақ қазір полицейлердің жаттығусыз да жұмыстары жетіп артылады. Әсіресе оларға борышкерлерден ақша өндіру оңай болмай тұр. Өйткені, қарыз болған жүргізуші кінәсін мойындамай түлкі бұлаңға салады.
-Сіздің бершегіңіз бар. Төленбеген айыппұлыңыз бар.
-Білмедім, аға. Ешкім хабарласқан жоқ.
-Жеке сот орындаушылары хабарласқан жоқ па? Біздің компьютерге енгізіп қойыпты ғой.
Жол бойында ұсталған борышкерлердің көлігі бірден айып тұрағына қойылады. Ер адамдар мұнымен келіскенмен, әйел жүргізушілер сағаттап салғыласып тұрып алды. Ең қызығы құжатында кінәрат бар жүргізушілер қандай жазаға болмасын әзір тұрады екен.
Борышкерлердің көбісі алименттен жалтарып жүргендер мен несиесін уақытылы өтемегендер. Жол сақшылары соңғы бір айда олардың 600-ге жуығын ұстапты. Соның арқасында 13 миллион теңге өндірген. Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл арқалағандар да Ақтөбеде қазір аз емес. Оны төлеуге асықпауының да себебі көп. Өйткені, болмашы ережені бұзғандар көшедегі камераларға қайта-қайта түсіп, жүз мыңдап айыппұл арқалағанын білмейді екен. Дегенмен, бұлай белшеден қарызға батқандарға рақымшылық жасау полицияның жұмысы емес. Сондықтан, ұсталған көліктер шетінен айып тұрағына әкетіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!