Алматыда балалар ойнайтын алаңға жарымаған халық шенеуніктерді айыптады
Ірі мегаполисте тұрса да, балалар алаңқайына зәру! Алматыдағы тұрғын үй аулаларының бірі 32 жылдан бері жөндеу көрмей келеді. Өткен заманнан қалған құрылғылар ойын балалары үшін қауіп тудырып отыр. Жергілікті тұрғындар дені дұрыс алаңқай сұрап талай босағаны тоздырған. Бір қызығы, құжат бойынша аумақта соңғы үлгідегі ойын алаңы бар болып шығыпты. Енді жұрт шенеуніктерді бөлінген миллиондарды қалталарына басты деп айыптап отыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.08.2016
Ірі мегаполистің қақ ортасында орналасса да, ойын алаңы атымен жоқ аула осы. Мұнда тұратын бүлдіршіндерге әткеншекке тербеліп ойнау түгілі, есік алдында таза ауа жұтып отырудың өзі арман. Себебі, толассыз жауған жаңбырдан кейін аумақ ми батпаққа айналады. Кәрі ағаштардың бұтақтары да шетінен сынып, аула күннен-күнге қауіпті болып барады.
Зәуре Маширова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бейшара балалар кешке дейін таяқпен ойнайды. Неге кішкентай болса да балаларға бір алаң жасап бермейді.
Бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған тұрғындардың енді күткілері жоқ. Жоғынан бары деген олар алаңқайдың құрылысына өз еріктерімен кірісіп-ақ кеткен. Жұрт шамалары келгенше жинаған ақшаға ескі әткеншектер алып, оларды түрлі-түсті етіп бояуда. Доңғалақтар мен бөтелкелердің қақпақтары да кәдеге жарап жатыр. Ойын алаңының құрылысын жұмыла атқарып жатқан жұрт енді аумақты абаттандырмақ. Әрине, мұның бәрін олар амалдың жоқтығынан жасап отыр.
Гуля Нұртаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Балаларымыз үшін өзіміз жасап жатырмыз. Әр үйде 2-3-тен балалар бар. Өзіміз ақша шығарып, жинап, өзіміз жасайын деп жатырмыз. Не істейміз енді?!
Тіпті бірнеше жыл бұрын ойын алаңының құрылысына қыруар қаржы бөлінген дейді жұрт. Бірақ, оның кімнің қалтасында кеткені белгісіз. Ал, қазір құжат бойынша мұнда соңғы үлгідегі алаңқай, әрі қондырғылардың неше түрі бар көрінеді. Алайда Жетісу ауданы әкімдігіндегілер мұның бәрін жоққа шығарып, істі енді қолға аламыз деп отыр.
Ермек Баймұхамбетов, Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Үйлер жаңа балалар алаңшаларын орнатуға қажет ететін тізімге қосылғанын мәлімдейміз. Бұл жұмыстар демеушіліктің арқасында орындалатынын тағы да айтып өтемін.
Осылайша, шенеуніктер тағы уәде етті. Енді қазан айына дейін ойын алаңын өздері салып бермек. Ал, оларға сенуден қалған тұрғындар өздерінің қызу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Туылғалы бері балалар алаңын атымен көрмеген бүлдіршіндер болса, әзірге осының өзіне мәз болуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!