Алматыдағы атыстан жараланған тағы екі полицей көз жұмды
Екі аптадан бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан Серік Әбілдаев пен Мейрамбек Рахматуллаевты ақ халаттылар ажалдан арашалап қала алмаған. Ішкі істер саласында 22 жыл қызмет атқарған Серік Әбілдаев кеше қайтыс болған екен. Сондықтан марқұмның денесі туған жеріне жеткізіліп, жер қойнына табысталды. Ал бүгін таңертең бақилық болған екінші полицей ертең жерленеді.
Автор: Диас Нұрақын
01.08.2016
Екі апта бұрынғы қанды қырғында оққа ұшқан тағы екі полицей бақилық болды. Ауыр жарақаттан айықпаған Серік Әбілдаев кеше қалалық жедел-жәрдем ауруханасында көз жұмды. 43 жастағы азамат аурухана төсегінде 14 күн бойы ес-түссіз жатқан еді. Алайда ақ халаттылар оны ажалдан арашалап қала алмаған.
Бүгін марқұмның денесі туған жеріне жеткізілді. Алматы облысы Күрті ауылында туып өскен азамат ішкі істер саласында 22 жыл тер төккен екен. Осы аралықта тек адал қызметімен көзге түсіп, басшылар тарапынан талай марапатқа ие болған. Сондықтан марқұмды бүгін барша ауылдастары, туған-туыстары мен бірге қызмет еткен әріптестері ақтық сапарға шығарып салып, жауынгерге тән құрмет көрсетті.
Бүгін таңертең тағы бір полицей көз жұмды деген қаралы хабар жетті. Атыс кезінде ауыр жараланған Мейрамбек Рахматуллаев та осы күнге дейін жедел-жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде болған еді. Бірақ 24 жастағы жігіт ес жимастан бақилық болды. Қызмет бабында жүріп қандықол қылмыскердің қолынан қаза тапқан сарбаздың сүйегі ертең Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданына жеткізіліп, жер қойнына табысталады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Полиция лейтенанты Рахматуллаев ішкі істер органдарында небәрі 4 жыл атқарған. ІІД жеке құрамы, басшылығы және ардагерлер кеңесі қайтыс болған әріптестеріміздің қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтады.
Осылайша 18-ші шілдеде лаң салған Руслан Күлікбаевтың оғынан көз жұмғандар саны сегіз адамға жетіп отыр. Қазір қалалық ауруханада тағы екі полицей өлім мен өмірдің ортасында жатыр. Бірінің беті бері қараса, екіншісі әлі де жансақтау бөлімінде екен. Ал жарақатынан айығып үйіне шыққан екі тәртіп сақшысы таяу күндері қайта қатарға қосылуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!