Астанада кішкентай сәби 5-ші қабаттан құлап аман қалды
Бірақ хәлі нашар күйде ауруханаға түсті. Бір өкініштісі, Елордада терезедегі торды жыртып, далаға ауып кеткен ұл-қыздың саны азаймай отыр. Сөйтіп масадан қорғайтын тор бөбектердің өліміне не мүгедек боп қалуына әкеп соқтыруда. Оның үстіне биыл Астанада жүздеген бала биіктен құлап ауыр жарақат алған. Ал дәрігерлер гипс салып үлгермей жатыр.
Автор: Ербол Сейілхан
02.08.2016
Астананың балалар ауруханасында бірнеше айдан бері тыным жоқ. Бүгін хирургтер басы жарылып, ауыр дене жарақатымен түскен 3 жасар сәбиді аман қалып алу үшін тағы барын салып жатыр. Ол 5-ші қабаттың терезе жақтауында ойнап отырып, тордан ауып кетіпті. Бірнеше минуттан соң келген анасы баласын жерден қан-жоса күйінде тауып алып, еңіреп жылаған.
Реанимациядан шыққан Әлимұса да гипс салынған аяғын ауырсынып жылап жатыр. Бірден енді асқан ұл екінші қабаттың терезесінен жерге құлаған. Періштесі қаққан бала, ажалдан аман қалып қазір беті бері қарап келеді.
Айдана Сырбаева, Әлимұсаның анасы:
-Біз ата-анасы жұмыста болдық. Баламыз ата-әжесінің үйінде болған, екінші қабатта. Ата–әжесі біз келерде,саяжайға кетіп, 10 жасар інімізге қалдырып кеткен Мұсаны. Ол терезенің алдында ойнатып тұрғанда байқаусызда тордан шығып кетіпті.
Тордан келген тажал үлкенді де, кішіні де аяп жатқан жоқ. Оның үстіне жазғы каникул кезінде жоғарыдан құлап , басы жарылып қол-аяқтары сынғандар ауруханаға сыяр емес. Дабыл қаққан ақ халаттылар кішкентайларын қараусыз қалдыратын ата-аналардың жауапсыздығына күйініп отыр.
Халық Күлманов, нейрохирург:
-23- бала жоғары қабаттардан құлап,жарақаттарымен түсті. Соның ішінде 2 бала қайтып кетті. Қалғаны біздің реанимация бөлімшесінде.
Осындай оқиғалар жазда көбейеді. Мәселен, жақында Алматыда аяққа енді тұрған ұл 12 қабатты үйдің терезесінен құлап мерт болды. Бірақ, жантүршігерлік оқиғалар ата-аналарға сабақ болар емес. Осылайша, үлкендер масадан қорғанамыз деп жүргенде, зардабын кішкентайлар тартуда. Бұл сұмдықтың алдын-алу үшін астаналық дәрігерлер әкімдікке хат жазып, үй саларда терезенің мықтап бекітілуін сұраған. Ақ халаттылар жазда ашық тұратын терезедегі мұндай торларды кішкентай ұл-қызы бар отбасылардың пайдаланбауын сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!