Ақышев девальвация болмайды деп тағы уәде берді
Теңге одан сайын құнсызданады деуге негіз жоқ. Кеше ғана президентті төл ақшамыздың енді «еңсесі түспейтініне» сендірген Ұлттық банк төрағасы бүгін ел арасындағы тағы девальвация болады екен деген қаңқу сөзді жоққа шығарды.
Автор: Диас Нұрақын
04.08.2016
Данияр Ақышевтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта экономикалық факторлар теңге бағамын осы қалыпта ұстап тұруға қауқарлы екен. Яғни мұнайдың бір баррелі 40 доллардан жоғары сатылуда. Демек, девальвация туралы сөз қозғау артық дейді бас банкир. Егер қара алтын құны бұдан да төмен құлдырап, 35 долларға дейін түссе теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы, әрине, өзгереді. Бірақ Ақышев ұлттық валютаның тым құнсызданып кетуіне жол бермейміз дейді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
-Еркін айналым саясатын ұстанған Ұлттық банк валюта бағамына ықпал етіп отырған жоқ. Десе де, біз айырбас бағамының күрт көтеріліп кетпеуін бақылауда ұстаймыз. Осы мақсатта теңгенің құнсыздануына жол бермеу үшін өткен айда Ұлттық банк 198 миллион 700 мың долларды интервенциялады. Ал жыл басынан бері теңгені нығайту үшін 3 миллиард доллар сатып алдық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!