Алматыда адамдарды ажал құштыра жаздаған автобус жүргізушісі апаттың қалай болғанын айтты
Алматыда автобустың апатқа ұшырауына басқа бір көлік себеп болған көрінеді. 13 жолаушыны ауруханадан бір-ақ шығарған автобус жүргізушісі бүгін өзінің кінәсіз екенін айтты. Әкімжан Шәмиевтің айтуынша, қоғамдық көлікті жол бойы жағаласқан жүргізушілердің бірі қысып жіберіпті. Жолаушыға лық толы автобус кеше кешке Райымбек және Сүйінбай даңғылдарының қиылысында бетон қабырғаға соғылған болатын. Жолаушылардың арасында айы-күні жақындаған жүкті әйел де болған.
Автор: Аруна Ортай
04.08.2016
Автобустан аузы-мұрны қанап шыққан жолаушылар іште қалғандарға дереу көмек шақыртып жатыр. Бұл кадрларды оқиға куәгерлері түсіріп алған. Жалпы, қабырғаға оңбай соғылған қоғамдық көлікті қызық көріп тұрғандар жетерлік. Тек оның ішінде жүкті әйел мен тағы 12 жолаушы қиналып жатыр-ау деген ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын сияқты. Соққының қатты болғаны соншалық, автобус жүргізушісі башпайларынан айырылған. Ампутациядан соң есін жиған Әкімжан Шәмиев өзін кінәлімін деп отырған жоқ.
Әкімжан Шәмиев, автобус жүргізушісі:
-Жарысқаным жоқ. Көпірден түсіп бара жаттым. Әріптесіме автобусты бергелі жатқанмын. Кейін быт-шыты шықты бәрінің.
28 жастағы жігіт жол үстінде халі нашарлағанын айтады. Сол себепті де, автобусты басқа жүргізушіге табыстамақ болған екен. Алайда жол бойы жағаласқан көліктердің бірі оған кесірін тигізіпті.
Әкімжан Шәмиев, автобус жүргізушісі:
- Кішкене кезімнен автобуста кондуктор боп істедім. Алматыда автобус жүргізгеніме 8 жыл болды. Жоқ, құдай сақтасын бұндай жағдай болмаған. Жазым ғой енді кімнің басына келмейді?
-Жылдамдықты межеден асырмадым деп ант-су ішкен автобус жүргізушісі міне дәл осы бұрылысқа келген тұста оны басқа бір көліктің баса оза шауып, осында қарай бұрып жібергенін айтады. Бірақ сол кезде басы ауырып тұрған жігіт ол көліктің не түрін де, не түсін де байқамапты. Егерде оның айтып тұрғаны рас болса, ол жағдайды міне мұнда ілініп тұрған бейнебақылау камералары түсіріп алуы әбден мүмкін.
Осы оқиға салдарынан 13 адам ауруханадан бір-ақ шыққан. Олардың екеуіне ота жасалды. Ал жүкті әйелдің миы шайқалған.
Нұржан Исабеков, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі:
-Ол науқасқа түскен кезде арнайы зертттеу жүргізілді іш қуысына, балаға, сондықтан ешқандай қауіп-қатер болмағандықтан, науқас қазіргі таңда нейрохирургия бөілімінде жатыр. Арнайы ем алып жатыр.
Зардап шеккендердің арасында 14 жастағы бала мен 74 жастағы қария да бар. Зейнеткердің аяқ-қолы сынған. Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!