ОҚО-да мұнай базасындағы өртті өшіруге аптап ыстық пен жел кедергі келтірген
Оңтүстік Қазақстанда мұнай базасынан алапат өрт шықты. Темір жол үстінде бензин құйып тұрған цистерналарға жүк көліктерін тиеген вагондар келіп соқтығысқан. Соның салдарынан жүздеген тонна мұнайы бар резервуарлар атыла жаздады. Биліктегілер өндіріс орнынан жүз жұмысшыны қауіпсіз аймаққа шығарып, халықаралық жолды да жауып тастады. Төтеншеліктер таңертең тұтанған өртпен кешке дейін алысты.
Автор: Бек Әбиев
04.08.2016
-Өрт таңғы сағат 10.45 шамасында Шымкент түбіндегі мұнай сақтау базасында орын алған. Оттың шыққанына 3 сағаттан асса да жүзден астам қызметкер отты ауыздықтай алар емес. Желдің әсерінен өрт қайта күшейіп барады.
Темір жолдың үстінде 12 цистернаға бензин құйып тұрған кезде 2 жүк көлігімен үлкен бөшке тиелген 3 жартылай вагон соқтығысып, от тұтанған. Жүз елу тоннадан астам бензині бар резервуарлардан бірнеше метр жерде ғана шыққан өрт әп-сәтте күш алып кетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға келген төтеншеліктер әуелі мұнай сақтау базасындағы жұмысшыларды қауіпсіз аймаққа шығарды. Бір өлімнен қалдық деген жұмысшылар сөйлеуге де құлықсыз.
-Өрт шыққан кезде 15-20 жұмысшы болған. – Бұл жеке компания. «Мұнай БК».
Жүздеген тонна бензин жарылмас үшін Шымкент, іргедегі Сайрам және Түлкібас аудандарынан келген өрт сөндірушілер әбігерге түсті. Өрттің үстінен көбік төгіп, 20 көлікпен суды дамылсыз шашса да күннің ыстығымен дамылсыз жел отты тоқтатуға мұрша берер емес. Алапат өрттің салдарынан мұнай базасының түбінен өтіп жатқан халықаралық «Алматы-Ташкент» тас жолы жабылды.
Александр Швачко, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Өрт шыққан кезде мұнай базасының тұсына келіп қалғанмын. Полицейлер бірден жолды жауып, ары қарай жүргізбей қойды. «Жарылса өліп кетесіңдер деген соң» шаруамыз күйіп бара жатса да тырп етпей тұрмыз енді.
Оқиға орнына маңызды шаруаларын тастап облыс әкімі келді. Құрақ ұшқан төтеншеліктер Бейбіт Атамқұлов пен тілшілер алдында қысқаша есеп берді.
Нұрболат Дербісов, ОҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
-Дәл қазіргі таңда 8 цистерна және 3 жартылай вагон жанып жатыр. Сонымен бірге насостық резервуар жанып жатыр. Басқа резервуарлардың барлығына қауіп жоқ. Барлығын өшіріп жатырмыз. Мына резервуарлардың барлығын салқындатып беріп, өртті оқшауладық.
Абырой болғанда, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Ал өрттен келген миллиондаған шығынға енді кім жауап берерін комиссия анықтайтын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!