Грузияда жоғалып кеткен қазақстандық турист үшін біреулер ақша сұраған
Сергей Трофимовтың әйелінің айтуынша, оған осы мәселемін бірнеше адам хабарласыпты. Бірақ олардың бәрі алаяқ боп шыққан. Ал 20 күннен бері хабар-ошарсыз кеткен Сергей Трофимовты қазір тиісті орындардан ешкім іздемей жатыр екен. Сондықтан Евгения Рябухина күйеуін өзі іздестіре бастаған. Алайда бөтен елдің жер жағдайын білмейтін келіншектің әрекеті нәтижесіз. Сондықтан жоқ іздеген жан жергілікті құтқарушылардың көмегіне зәру.
Автор: Диас Нұрақын
10.08.2016
Сергей Трофимовты таппай табандарынан таусылған Евгения мен Романның ендігі бар үміті құтқарушыларда. Себебі кешелі бері сегіз адамнан құралған топ оның күйеуін іздеуге шығыпты. Алайда Шхара тауына келгенде құтқарушылар екіге бөлініп кеткен. Яғни аяқ астынан өзге саяхатшыларға көмек керек болған екен. Сондықтан іздеу жұмыстары толыққанды жүргізілмепті. Оның үстіне ой-шатқалы көп тауда жүріп-тұру да қиын көрінеді.
Евгения Рябухина, С.Трофимовтың әйелі:
-Таудан сәт сайын қар көшіп жатыр. Арнайы техника мен тиісті құрылғыларымыз да жоқ. Сондықтан жүрісіміз өнер емес. Құтқарушылардың көмегіне мұқтажбыз.
Отандасымыздың жоғалғанына бүгін жиырма күн болды. Сергей саяхатқа аттанарда өзімен бірге камера, телефон және құжаттарын ала кеткен екен. Сондықтан бар үміт енді Грузияның байланыс компаниясында болып отыр. Яғни жоқ іздеген жандар Сергей Трофимовтың соңғы мәрте қайда болғанын анықтауға тырыспақшы.
Роман Борисович, С.Трофимовтың досы:
-21-ші ғасырда технолгия дамыған заманда телефон арқылы адамның қайда болғанын анықтауға болады ғой. Бірақ әзірге байланыс операторы бізге ешқандай жауап бермей отыр.
Сергейге іздеу салғандар алаяқтарға да тап болғандарын айтуда. Яғни күн сайын біреулер хабарласып құн сұрауға көшкен. Алайда саяхатшының туыстары барлық мәліметті жергілікті полицияға жолдап жатыр екен. Тіпті жергілікті билік пен елшіліктің енжарлығын айтып Елбасыға да хат жолдапты. Естеріңізге салайық Астаналық азамат 23-ші шілдеден бері іздестірілуде. Грузияға саяхаттап барған отандасымыз Ушгули шатқалына кетіп содан оралмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!